Сенаторлар кеңесінің мүшелері Ұлытау облысындағы ескерткіштерді қорғау бойынша өткізілетін іс-шаралармен танысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесі мүшелері Ұлытау облысындағы ескерткіштерді қорғау бойынша өткізілетін іс-шаралармен танысу мақсатында облыс активімен кездесті. Жиынға одан бөлек, депутаттар, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Қазіргі уақытта Ұлытау облысында жергілікті 492 тарихи мәдени ескерткіш болса, оның 17-сі республикалық маңызға ие.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заңына сәйкес елдегі археологиялық ескерткіштердің жағдайын реттеу қолға алынған болатын. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту қарсаңында облыстағы Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді.
Ұлытау облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы көлемі 147 246 га жерді алып жатыр. Биыл облыстағы Кетебай (XVIII ғасыр) кесенесіне құны 8 миллион теңгеге ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілетіні жоспарланған.
Жиынға арнайы қатысқан ҚР МСМ Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваның айтуынша облыс әкімдігінің ұсынысымен Ұлытау селосында облыстық музей құру жоспарда бар.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ҚР Премьер Министрі бірінші орынбасарының қаулысына сәйкес, «Жошы хан» орталығымен бірлесіп, Жошыны зерттейтін ғылыми орталық құру көзделгенін жеткізді.
«Ғылыми орталық құру үшін мамандар қатынауы керек. Ол мәселе де шешімін табуда, яғни, қазір Жошы хан кешеніне апаратын жолдың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың құрылысы келесі жылы бітуі тиіс, алайда Премьер-Министр келгенде оның биыл қолданысқа берілу мәселесін көтердік»-деді Берік Әбдіғалиұлы.