Салауатты өмір салтын таңдаған ауылдар
Ұлытау облысында бірқатар ауылдардың тұрғындары, атап айтқанда, ақсақалдар мен жастардың бірігіп қабылдаған шешімі арқасында ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмайды. Ауыл азаматтары ішімдіктен толықтай бас тарту туралы ортақ келісімге келіп, салауатты өмір салтын насихаттап келеді.
Осы игі бастамаға қолдау білдірген ауылдар қатарында Байқоңыр, Алғабас, Талдыбұлақ, Ақтасты, Сәкен, Қарағаш, Ақтүбек, Ақтау, Қылыш, Жұмажанов, Орынбай, Айнабұлақ, Ақтай, Жаңаталап, Қарамола, Байғұл сынды елді мекендер бар. Бұл ауылдарда ішімдік өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұл шешімнің қабылдануына ауыл ақсақалдары бастамашы болды, ал оны жергілікті жастар толықтай қолдады.
Ауыл ақсақалдарының көрегенділігі мен парасаттылығы, сондай-ақ жастардың белсенді түрде қолдау көрсетуі арқасында бұл ауылдарда ішімдіксіз өмір салты қалыптасып, әлеуметтік ахуал айтарлықтай жақсарды. Бұл батыл қадам жасалғаннан бері аталған ауылдарда отбасылық жанжалдар мен қылмыстық оқиғалар тіркелмегені осы бастаманың тиімділігін айғақтайды.