Құс тұмауының алдын алу шарасы
Әлемдегі жоғары патогенді құс тұмауына (бұдан әрі-ЖПҚТ) байланысты эпизоотиялық жағдай тұрақсыз болып қалуда. Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымының (МЭБ) ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Еуропа, Таяу Шығыс және АҚШ елдерінде үй құстары арасында ЖПҚТ індетінің өршу жағдайлары тіркелген.
Қазақстан Республикасының аумағында үй құстары арасында ЖПҚТ-ның соңғы жағдайлары 2021 жылы тіркелген және уақытылы жойылған. 2023 жылы Каспий теңізінде жабайы құстар арасында індет анықталды.
Жоғары патогенді құс тұмауы – тыныс алу, ас қорыту органдарын, орталық нерв жүйесін зақымдаумен және жоғары деңгейде өлімге ұшыратумен сипатталатын ерекше қауіпті, жедел өтетін, жұқпалылығы жоғары ауру. Құс тұмауының вирустары жабайы және үй құстарында кездеседі. Жабайы құстар (әсіресе суда жүретін үйрек, қаз, аққу және т.б.) әдетте құс тұмауымен ауырмайды, бірақ індеттің таралу көздері болып табылады. Үй құстары құс тұмауына шалдыққан жағдайда ауру жасырын түрде өтіп, құстардың өліміне соқтырады.
Жоғары патогенді құс тұмауына диагноз эпизоотологиялық мәліметтер, клиникалық белгілер, патологоанатомиялық өзгерістер және зертханалық тексерулер негізінде қойылады.
Вирустың таралу қаупін ескере отырып, оның алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет:
Құс өсірумен және ұстаумен айналысатын жеке аулаларда жабайы және синантропты құстардың жемге, суға және үй құстарымен араласуына жол бермеу;
Құс ұстайтын орындарды механикалық тазарту және дезинфекциялауды қамтамасыз ету; Құстардың ауыруы және өлуі жағдайы туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі ветеринариялық мамандарға жедел түрде хабар беру.
Сақтық шараларды уақытылы орындасақ құс тұмауынан келер қауіп болмайды.
«ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы» ММ.