Сұлулық салоны ашылды
Тәуелсіздік күні Ұлытау ауданының орталығында«Адина» сұлулық салоны ашылды. Көңілді көркейтер бастаманы облыс әкімінің 1 млн. теңге және аудан әкімінің 500 мың теңге сомасындағы гранттарын жеңіп алған жас кәсіпкер Бибіхан ОСПАНОВА сәтімен жүзеге асырды. Тұсаукесер рәсімге қатысқан Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ ұтымды іске ынтасы зор жас буын өкілінің кәсібіне сәттілік тілеп, жаңа нысанның лентасын қиды.
Ең бастысы, Бибіхан Еркінқызының қолға алған тың бастамасы – бүгінгі күні тұрғындар арасында айтарлықтай сұранысқа ие кәсіп бағыттарының бірі. Оның маңыздылығының өзеге осында тұр.
Жаңа кәсіпкерлік нысаны алдағы уақытта бес адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін болады. Халыққа ұсынылатын қызметтер шаштараз, маникюр, педикюр, кірпік жалғау, биотатуаж, шугаринг, бет әрлеу, шаш сәндеу сынды кәсіби бағыттағы атаулармен сипатталады.
Жас кәсіпкер өз ісінің ілгері басарына сенімді. «Бастамаға қолдау танытып, қайтарымсыз грант ұсынған облыс және аудан басшыларына айтар алғысым шексіз. Қай кәсіптің болсын, қоғамға тигізер пайдасы бар. Менің басты арманым – өзім ұсынатын қызметті Ұлытауға сырттан келетін туристердің пайдалануға ынталы болуы. Сол үшін кәсіби біліктілігім мен шеберлігімді жетілдіре беруге мүдделімін» дейді ертеңіне күмәнсіз қарайтын кәсіп иесі.
Ендеше, біздің еншіміздегісі – жас кәсіпкерге сәттілік тілеу.
Жасұлан АЯШЕВ