ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 09.10.2024 жылғы № 671 Жарлығымен Ұлытау облысының әкімі қызметіне кірістім.
Қасиетті туған өлкеге қызмет ету, ұлылардың ізі қалған мекеннің дамуына үлес қосу мен үшін зор мәртебе. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты атқару барысында қолымнан келгенше аянып қалмаймын.
Өздеріңіз білетіндей, өңірде шешімін табуы тиіс мәселе жеткілікті. Облысты сапалы ауыз су және жылумен қамту, инфрақұрылымды қалыпқа келтіру, құрылыс қарқынын күшейту ісі де күн тәртібінен түспейді. Мақсат — басталған күрделі жұмыстардың мерзімін жеделдетуді қамтамасыз ету және алдағы жылыту маусымын дайындықпен, жауапкершілікпен өткеру.
Экономиканы әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Ол үшін өңірімізге инвестициялар тартылып, жеке кәсіпкерлікке қолдау жасалып, жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, кадрлық әлеуетін нығайту да ерекше бақылауда болады.
Құрылғанына екі жылдан енді асқан облысымыздың алдыңғы қатарлы өңірлерден болуы – баршамыздың тілегіміз деп білемін. Сондықтан да кез-келген істі атқаруда өздеріңіздің ұсыныс-тілектеріңіз маңызды болмақ. Алға қойған мақсаттарымызға бірігіп, жұмыла жүріп жетейік.
Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.