Құрметті мектеп бітіруші түлектер, оқушылар! Қадірлі ұстаздар, ата-аналар!
Сіздерді оқу жылын сәтті аяқтауларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Бүгінгі күн мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де ерекше күн. Себебі сіздер білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектептен үлкен өмірге қадам басқалы отырсыздар.
Бұл күн балдәурен балалықтың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілудің бастамасы.
Еліміз үшін жас ұрпақ тәрбиесі, білім беру ісі айрықша маңызды. Сапалы да заманауи білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасау біз үшін мәртебелі міндет.
Биылғы оқу жылында ауданымызда 96 оқушы мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. 6 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр.
Халқымызда «Білім деген биік шың» деген қанатты сөз бар. Тек білім ғана өмір жолын дұрыс таңдауға, еркіндік пен сенімділікке, толағай табысқа жетуге мүмкіндік береді.
Сіздердің әрдайым сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтың иесі атануларыңызға шын жүректен тілектеспіз!
Алар асуларыңыз биік болсын!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының əкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы.