Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Береке мен бірлікті арттыратын бұл мейрам адамдардың бір-бірімен етене араласуына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашады. Осынау қасиетті күндері халқымыз құрбандық шалып, бір-біріне тек жақсылық тілейді.
Құрбан айт – кеңпейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі. Бұл күні ата-бабаларымыз жетім-жесірді жебеп, мұқтажға қолұшын беру сияқты ізгі дəстүрлеріміз арқылы өзгеге өнеге болатын игі əрекеттер көрініс табады. Осындай асыл үрдістер ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Тəуелсіздікке қол жеткізгеннен бері діліміз, тіліміз, дініміз қайта оралып, еліміз күн санап өркендеуде. Бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстар өкілдері арасында қалыптасқан достық ниеттегі келісім арқасында қазақ жерінде 140 этнос пен 17 конфессия өзара түсіністік жағдайында қатар өмір сүріп жатыр. Аудандағы мұсылман қауымының осы өңірді мекендейтін өзге де дін өкілдерімен өзара бірлігін мақтан етуге болады.
Қадірлі ағайын!
Мереке тұсындағы барлық сауапты істеріңіз бен ізгі тілектеріңіз қабыл болсын! Кəсіптеріңізге береке, амалдарыңызға адалдық тілей отырып, Айттан Айтқа аман-есен жете берулеріңізді тілеймін.
Алла барлық ықылас-ниетіміз бен тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының əкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мəслихаттың хатшысы.