Құрметті аудан спортшылары! Қадірлі сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл – денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық, сергектік мерекесі. Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салты, денешынықтыру мен спортты дамыту – еліміздегі маңызды міндеттердің бірі.
Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде денешынықтырумен шұғылданушылар саны артып келеді. Өкінішке орай, пандемияға байланысты спорттық іс-шаралар тек онлайн форматында өткізілуде.
Өткен жылы ауданымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан орталығында жаңа стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жезді және Қарсақбай кенттерінде спорт кешендері бой көтеруде. Қарсақбай кентіндегі спорт кешенін биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл нысандар ауданның спорт саласының дамуына оң септігін тигізері сөзсіз. Жаттықтырушылар мен спортшылар алдағы уақытта да аудан мерейін өсіріп, даңқын шығару мақсатында өздерінің шеберліктері мен күш-қуатын, тәжірибелерін аянбай жұмсарына күмәнсіз сенеміз.
Баршаңызға амандық, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз.
Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!
Жеңісті әрі жемісті күндеріміз көп болсын!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.