Әркімнің өз жанұясы – бақыт мекені
Бағзы дәуірлерден әрбір қоғамның темірқазығы мен діңгегі саналатын отбасы өнегесі асыл құндылығымен ерекше. Ғасырлар бойы «Отан – отбасынан басталады» деген ұғым қазақ қоғамында бұлжымас тұжырым ретінде тамырын тереңдетіп, Қазақ елінің мызғымас әлеуметтік тұғырнамасына айналғаны белгілі. Қашаннан отбасылық әулеттің тіректері – қарияны құрметтеу, ананы ардақтау және балаға жастайынан тәлімді тәрбие беру ретінде өнегелік салт ұлтымыздың ұлағатына енген.
Қазақ халқы қадым заманнан отбасын, оның құндылықтарын қадірлеген халық. Шаңырақ көтеріп, отбасын құрып, ұрпақ өрбітіп, балаларын жеткізу – ұлтымыз үшін қасиетті парыз болып есептелген. Әр отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала болса, отбасы – барлығының басы, баланың жан-жақты дамуының негізі болатын тәрбие институты. Нақты айтқанда, әрбір отбасы ата-анасымен, балаларымен өзіндік әлеуметтік ортаны құрайды. Осы ортаның қалыпты жағдайда қамсыздандырылған деңгейде өмір сүруі ата-ананың тәрбиесіне тікелей байланысты. Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар. Оның мағынасы бала жанұяда не көрсе соны санасына дәлме-дәл қабылдап, естігені болса оны бірден бойына сіңіреді деген сөз. Сондықтан, әр ата-ана балаларына жағымсыз әрекеттерін байқатпай, өздерін жақсы жағынан көрсете білген жөн. Тәрбие беру барысында баланы заман талабына сай тәрбиелеп, дені сау, бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ етіп өсіру қажет. Отбасында балаға шектен тыс қаталдық жасалса, ол да оның келешегіне зиянын тигізетіні ақиқат. Қарап отырсақ, әр отбасындағы бала тәрбиесі сол жанұяның құндылықтарын құрайды. Осы құндылықтардың сақталуы жас ұрпақтың отансүйгіш, елін, жерін қорғай алатын патриот, еңбекқор азамат болуына ықпал етеді. Оған «Отанды сүю – отбасынан бастау алады» деген сөз негіз бола алады.
Бүгінде 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні ретінде 1993 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталып өтіледі. Мұндай атаулы датаны белгілеу отбасындағы бірқатар мәселелерге қоғамның назарын аударту мақсатында туындаған сыңайлы. Өйткені, әр отбасы қоғамның басты құндылығы. Ол мемлекет өмірінде, жас ұрпақты тәрбиелеуде, қоғамдық тұрақтылық пен прогресті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі отбасы мерекесі елдегі адамгершілік пен руханиятты нығайтуға көп ықпалын тигізіп отыр. Отбасы күні ретінде, жалпы халықтық сипатқа ие болған айтулы мереке кейінгі кезде жаңа дәстүрлерімен байытылып келеді. Әсіресе, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге септігін тигізіп жатыр. Бүгінгі қоғамда әр отбасы ұлттық дәстүр мен мәдениеттің мәйегін сақтаушы, ұрпақтар сабақтастығының жалғастырушысы болып табылады. Елдегі отбасылар гүлденсе, мемлекет те өркен жаяды. Керісінше, отбасылар бұзылса, қоғам да кері кетеді. Мемлекетіміздің ана мен балаға, жалпы отбасыларға үлкен қамқорлық жасауы да осыдан. Ал, отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік мәдени ортаның құндылығын сіңіру, ата ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, санасына бекіту, яғни, балаларын, өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Түптеп келгенде, әр ата-ана бала алдында өзін байсалды, салмақты қалыпта ұстап, жақсы тәрбиесін көрсете білуі керек. Мәселен, хакім Абай он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп атап өтеді. Сондықтан жас буынды әр ата-ана өзі салған сара жолымен тәрбиелеп, тың идеяларымен байытып отырғаны абзал. Негізінде, отбасының әлеуеті, әлеуметтік жағдайы бірліктің арқасында баянды болмақ. Өйткені, «Береке бастауы – бірлікте» екені рас. Әр жанұяда бірлік пен татулық салтанат құрса, ол отбасы алдыңғы қатардан көрінеді. Отбасындағы жарасымдылық пен жан-жылулылық өмірдің қызық-қуанышына жетелейді. Ендеше, Отанымыз тыныш, отбасымыз аман болсын, ағайын!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.