Режеп Тайип Ердоған: Атажұртқа арнайы шақырғандарыңызға ризашылығымды білдіремін
Мемлекет басшысы Түркия Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Түркия басшысына ілтипат көрсетті.
– Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құрметіне алғыс айтты.
– Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін, – деді Түркия Президенті.