ҚР ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ ӨҢІРДЕГІ АХУАЛДЫ БАҚЫЛАДЫ

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалдин Кеңгір су қоймасындағы судың деңгейін тұрақтандыру үшін атқарылып жатқан жұмыстарды қарап, су қоймасының шекті межесіне толған сәтіне куә болды.

Кеңгір су қоймасы бүгінде шекті көлемі — 319 млн.куб суға толды. Соңғы үш күннің ішінде қоймаға 142 млн.куб су келіп құйылғандықтан, қажетті мөлшерді толтырып алу мүмкіндігі туған. Бұл – соңғы 7 жылда орын алмаған құбылыс. Нәтижесінде қойманың суы жаңарды.

Қазіргі таңда 3 шандор толығымен ашық, 2 шандор 10-15 см.-ге ашық тұр. Айта кету керек, Кеңгір су қоймасының маңайында, Жезқазған қаласына өте жақын орналасқан ауылдарға төніп тұрған қауіп жоқ. Ағызып жатқан су Қаракеңгір өзенінің арнасымен кетуде.

ҚР Парламентінің депутаттары су тасқынын болдырмау үшін атқарылып жатқан өзге де жұмыстарды бақылау үшін облыстағы өзге де елдімекендерге барады.