Президент Жолдауы – уақытпен үндес үрдіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйек айында жария еткен «Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы қазақстандықтардың үлкен қолдауына ие болып отыр. Əсіресе, Президенттің бұл Жолдауы Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басқан шақта өз уақытында жазылғаны көңіл қуантады.

Ең бастысы, Жолдауда елдегі экономикалық-əлеуметтік дамудың таяу жылдардағы эволюциялық даму жолдарын айқындап берді. Ал, экономика дегеніміз – ең əуелі тұрақты жұмыс, лайықты табыс. Ендеше, халыққа негізгі керегі осы емес пе?!
Осы тұрғыда, Президент қазіргі күрделі жағдайда елдің экономикалық моделін қайта қарауды ұсынды. Қарап отырсақ, Қазақстанның қай салада да əлеуеті зор. Осыны экономикаға тиімді ету қажет. Бұған Мемлекет басшысының айрықша мəн беруі де сондықтан. Бүгінгі күні экономиканы қаржыландыру күн тəртібінде тұрған мəселе. Оған себеп, экономикаға қаржы керек. Қазір инвестиция жетіспегендіктен, нақты секторды қаржыландыру төмендеп кеткені рас. Елдегі банктер тек қана тұтыну несиесіне ғана көңіл бөлуде. Осы жөнінде Президент Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, банктердің қыруар пайдаға жеткендігін ашып айтты. Енді бұдан кейін банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыруға күш салмақшы. Бұл – əрине, экономиканың дамуына септігін тигізері анық.
Осы Жолдауда Президенттің үлкен мəн бергені, көлік- логистиканы дамыту болды. Өйткені, Қазақстан – тоғыз жолдың торабындағы ел. Сондықтан бұл мəселені қолға алуға толық мүмкіндік бар. Бүгінгі күні көлік – логистика саласын экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру – ірі жетістік болары анық. Осыған орай, көлік министрлігі қайта құрылғандығы бəрімізге мəлім. Дəл қазір аталған жұмыспен осы министрлік тікелей айналысуға бет бұрды. Бұл да бір көңілдегі ойдың іске асқаны. Нарық заманында халықтың тұрмысын жақсартуға, табысын арттыруға жол инфрақұрылымын дамыту оң ықпал етері сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, су ресурстары жəне ирригация министрлігі құрылғандығы бұл да елге өте тиімді. Көпшілік бас қосқан жиында елдің қозғап жүрген мəселесінің бірі осы еді. Өйткені, суға байланысты Қазақстан аумағында проблемалар көп. Ал, қазір судың сапасы мен қолжетімділігін бір жүйеге келтіруді Президент мықтап қолға алып отыр.
Ең бір алаңдатар мəселе, ол тұрғындардың несиені шамадан тыс алуында болып отыр. Бұған да Мемлекет басшысы назар аударды. Байқап отырсақ, қазір қарыз бен несие алу қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл өмірдің ажырамас бөлігі болған сияқты. Бірақ, мəселе табыс көзінде емес, жоғары жалақы алса да жарымай жүргендер жетерлік. Сондықтан, Президент отбасы табысын үнемдеу өзімізге тиісті екенін айтты.
Нақты айтқанда, Президент Жолдаулары елімізде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан реформалардың жалғасы. Өткен жылы бастау алған саяси жаңғыру жұмыстары биыл экономикалық өзгерістермен жалғасты. Бүгінде Мемлекет басшысының Жолдауы арқылы халық, қоғам күткен өзекті мəселелер шешімін таба бастады. Дəл қазір халқымызды сапалы өнімдерімен қамтамасыз ету – алдыңғы орында тұр. Бүгінгі Мемлекет басшысының экономикалық бағдары осының бəрін бір жүйеге келтіруге бағытталған. Былай қарасаң, халық пен экономикалық мəселелер бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, Президент халықтың табыс деңгейіне,еңбекақы мəселелеріне көп көңіл бөліп отырғаны да осыдан. Ойлап қарасақ, Мемлекеттің басты байлығы — ол адам. Əр адамның жақсы өмір сүруі үшін экономикамыздың да дамуы қажет. Оған сабырлылықпен қарап, əрдайым қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Мұның бəрі Тəуелсіздігіміздің жасампаздығы мен жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі іс деп түсінгеніміз абзал.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.