Президент: «Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жоюға тиіс»

Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мен бүгін реформаларымызды жүзеге асырудағы бірқатар олқылықтарға, түйткілдерге тоқталдым. Негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында. Сол себепті нақты нәтижеге қол жеткізе алмай отырмыз. Оның түрлі себебі бар. Кейбір мемлекеттік қызметшілер, басшылар өз жұмысына селқос қарайды, белсенді емес. Өзіне жауапкершілік алудан тартынады.

Бұл, әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады. Олар жұмысты сапалы орындауға емес, тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән береді. Соның зардабын бәріміз тартып отырмыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет екенін атап өтті.

«Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болуы мүмкін емес. Сондықтан азаматтарымыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заң бұзушылықтың алдын алуға тиіс. Қоғамның қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Өркениетті елдердің бәрінде солай. Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан бұл жұмысқа баса мән беру қажет», деді ел Президенті.