Президент: «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу қажет
Мемлекет басшысы жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысты 3 мыңнан аса шағым түскенін, сол себепті цифрлық технологияларды тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
Қазір іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын eGov пен банктік қосымшалар арқылы қолдануға болады. Бұл азаматтарға полицияға жедел және тікелей хабарласуға мүмкіндік береді, ал «мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыруға жол ашады.
Ақтөбеде Жедел басқару орталығына бардым. Онда жасанды интеллект тәулік бойы қалаға бейнебақылау жүргізіп отыр. Осындай орталықтар барлық өңірде ашылуы керек – әкімдер бұл жұмысқа белсенді араласуы тиіс. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу қажет. Бұл жүйе адамның бет-жүзін анықтап, жүріс-тұрысына талдау жасап, көлік қозғалысын тіркей алады. Мұндай технологиялар қоғамдық тәртіпті нығайтады және құқықбұзушылықтың алдын алады, – деді Президент.