ОТАНШЫЛ РУХТАҒЫ АЛАУ СЕЗІМ
Жаңаарқа ауданының жалпы білім беретін мектептерінің 10-сыныптарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнін оқыту аясында 5 күндік оқу-далалық жиыны өтті.
Алдымен, осы шараның ұйымдастырушысы Айдын Ыдығанұлы жеке құрамды оқ атудағы барлық пәрмендi бiлуі, атысты дер кезінде орындауы және атыс кезiндегi техника қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөніндегі нұсқаулықтармен таныстырды. Қауіпсіздік ережелерінен кейін жеке құрам автоматтан оқ атуды орындады. Жас сарбаздар белгіленген нысананы көздеп, атыс жаттығуларын пысықтады. Жаттығу барысында жас сарбаздар жауынгерлік даярлықтағы өздерінің біліктіліктерін анық байқатты.
Олар саптық жаттығуларды да жасап, Калашников автоматын бөлшектеп, жинау, қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресінен, алғашқы медициналық көмек көрсетуден көріністер көрсетіп, әскери дайындықтары мен шеберліктерін паш етті.
Жиында сөйлеген Жаңаарқа аудандық білім бөлімінің басшысы Махаббат Балабаева оң баға беріп, бұл тәжірибені ауданның барлық мектептеріне тарату керектігін айтты.
«Баланы жастан» демекші, бүгінгідей неше түрлі теріс ағымдар етек алып тұрған шақта өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық белсенділікті, қазақстандық патриотизмді, отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, дамыту – барша қоғамның міндеті. Осы мақсатта өткен бұл оқудың маңызы зор.
– Қазіргі таңда әскерге баруға құлшыныс танытып, өз еріктерімен сұранып кетіп жатқан азаматтар да бар. Бірақ, әскери өмірді тосырқап, лажы болса бармай қалуды көздейтін балалардың әрекетіне көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, оның астарында ұлттық идеология және мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі жатыр. Бүгін әскери борышын өтеуден қашқан бала, ел басына күн туғанда қандай шешім қабылдарын ойлаудың өзін қорқынышты… Патриотизм туралы көп айтамыз ғой. Ал, оның мән-мағынасын түсіне алдық па? Әсілінде, патриот болу – әскери форма киіп, сарбаз болу емес. Патриот – Отаны үшін от пен суға түсуге дайын, елі мен жерін қашанда қорғауға, оның гүлденуіне әркез үлес қосуға ұмтылатын азамат. Осындай жалындаған жас қырандардың қалың легі тұрғанда елді дау, жерді жау алмайтындығы анық, – деді өз сөзінде аудандық білім бөлімінің әдіскері, оқу-далалық жиынының ұйымдастырушысы Айдын Омиртаев.
Ерден КАРАБАЛИН,
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының қорғаныс істері бөлімі бастығы, подполковник.