Қос байқау мәресіне жетті
«Ұлытау ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ əдістемелік бөлімнің ұйымдастыруымен «Оқитын өлке» жобасы аясында жерлесіміз ақын, жазушы, публицист Баубек БҰЛҚЫШЕВТЫҢ 108 жылдығына «Тау ұланы» дəстүрлі байқауы жəне «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясында ұсынылған қазақтың классик жазушысы Бердібек СОҚПАҚБАЕВТЫҢ туғанына 100 жыл толуына «Балалық шаққа саяхат» хикаятына эссе жазу сайысы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Ақын Б.Бұлқышевтың шығармаларын насихаттау, жырларын өшірмей ұрпақтан-ұрпаққа өнегелі өсиеттерін дəріптеу. Сонымен қатар Б.Соқпақбаевтың əйгілі шығармасы «Балалық шаққа саяхат» хикаятындағы «Менің əкем» əңгімесінің ерекшелігін жасөспірімдердің санасына сіңіру, кейіпкер арқылы балалардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту. Жасөспірімдерді кітап оқуға тарту, өзіндік пікір айтуға, арман-тілектерін, қиял əлемінің көрінісін шығармаға арқау етіп, қаламдарын ұштауға ықпал ету.
Іс-шара ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта өткізілді. Екі кезеңге бөлініп өткізілген шарада бірінші «Тау ұланы» байқауы болды. Шараға ақын, бірнеше байқаулардың жеңімпазы Құрмет Жалаулыұлы, мүшелері ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Ұлытау» газетінің Бас редакторы Альмира Мақсұтқызы жəне Ұлытау ауданының Мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мүсілім Егізекұлы төрелік етті.
Шараға Ұлытау селосынан №1 Ұлытау тірек мектебінің 10 сынып оқушысы Мейрамбек Тоғжан, Жезді кенті кітапханасының оқырманы, Жезқазған қаласындағы, Жезқазған гуманитарлық колледжінің IV курс студенті Сапарбек Гүлім, Сарысу ауылдық кітапханасының оқырманы, Астана қаласындағы Сəкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің I курс студенті Түгелбай Аяулым, Пионер ауылдық кітапханасының оқырманы, Жезқазған қаласындағы Жезқазған медициналық колледжінің I курс студенті Қыйниятова Айбибі, Аманкелді ауылдық кітапханасының оқырманы, 9 сынып оқушысы Хасен Айзере, Ақтас кенті кітапханасынан, 9 сынып оқушысы Сламғали Жібек, Шеңбер ауылдық кітапханасынан, 9 сынып оқушысы Дулатқызы Таңшолпан қатысты.
Əр қатысушыға байқау шарты бойынша Б.Бұлқышевтың 15 өлеңін жатқа айту тапсырылған, шарт бойынша онлайн арқылы тікелей эфирге кіріп, қатысушылар бақтарын сынады. Жатқа оқу шеберлігін, сахнада өнер көрсету мəдениетін ескере отырып, Бас жүлдені Жезді кентінен Сапарбек Гүлім, I орынды Шеңбер ауылынан Дулатқызы Таңшолпан, II орынды Ұлытау селосынан Мейрамбек Тоғжан мен Аманкелді ауылынан Хасен Айзере, III орынды Сарысу ауылынан Түгелбай Аяулым, Ақтас кентінен Сламғали Жібек, Пионер ауылынан Қыйниятова Айбибі жеңіп алды.
Екінші кезеңде «Менің əкем» əңгімесіне сүйене отырып эссе жазу сайысы өткізілді. Сайыстың шартында 7-8 сынып оқушылары қатысуға міндеттелді. Аталған шараға 11 үміткер қатысып, жазған еңбектерін электронды түрде жіберді. Эссенің тақырыбының сəйкестігі, мағыналық тұтастық, мазмұндаудың жүйелілігін, тақырыпқа сай түсініктерді орнына қолдана білуін қазылар алқасы жан-жақты саралап, эссенің жеңімпаздарын анықтады.
Бас жүлдені Аманкелді ауылынан Мұханбетрақым Балауса, I орынды Қаракеңгір ауылынан Шəмшібек Аянат, II орынды Қоскөл ауылынан Əбдіғазы Балым, III орынды Ұлытау селосынан Шаяхмет Бибіфатимаға берді. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдіріліп, жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Сандуғаш ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ,
Ұлытау ауданының орталық кітапханасының əдіскері.