Орындалған аманат

Тынымсыз өтіп күнім, апталарым,
Парағын тарихтың ақтарамын.
Сақтаған халқымыздың шежіресін,
Ашамын ғасырлардың қақпаларын.

Сыр шертер өткен өмір қатпарынан,
Тарихтың дерек аламын, ақпарынан.
«Оқысын ұрпақтарым» деп қалдырған
Бабамның тасқа жазған хаттарынан.

Ол бізге ғажайып сыр ұқтырады,
Оқысаң кірпігіңе шық тұрады.
Тəуелсіздік жолында құрбан болған
Білімді елдің небір мықтылары.

Халқымның өткен күнін ойлағанда
Үрпиіп төбе шашың тік тұрады.
Батыр халқым, төзімді, неткен ғажап,
Сан ғасыр рахат жоқ, тартқан азап.

Ұлттық болмыс, салт-дəстүр, əдет-ғұрып,
Жойылып кетуге де қалған аз-ақ.
Тұрса да тұс-тұсынан қауіп торлап,
Бəріне төтеп берген құдай қолдап.

Білек күші, найзаның ұшыменен,
Мынау дарқан даланы қалған қорғап.
Одан кейін бодандық бұғауында,
Еркіндікті ала алмай жүрді сорлап.

Өктемдігін жүргізіп өзге бір ұлт,
Тіліміз, дінімізді жүрді қорлап.
Кезі жоқ, талпынбаған, қарманбаған,
Еркіндік, теңдікті елім армандаған.

Аманат етіп бізге қалдырыпты,
Жалғанда сол үзігін жалғанбаған.
Қаталдық көрсетсе де замана тым,
Келгенде кезі дүние жаңаратын.

Еншімізге тиіпті біздің бүгін,
Орындау бабалардың аманатын.
Алапат ағыстарға қарсы жүздік,
Сан ғасыр құрсаулаған бұғауды үздік.

Халқымыздың арманы орындалып,
Алды ел егемендік, Тəуелсіздік.
Ай аяңдап, өтеді жылдар жылжып,
Мəңгілік болсын елде Тəуелсіздік.

Кейінгі ұрпақ бұл күнді айтар жыр ғып,
Құтты болсын, жамағат, отыз бір жылдық!

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі,
Ұлытау ауданының
Құрметті азаматы.