Қоныс аударушылар ауылдың тынысын кеңейтті

Ұлытау өңірі – талай тарихты қойнына жасырған, даланың көне үні мен жаңа дәуірдің жаңғырығы қатар өрілген қасиетті мекен. Соңғы жылдары бұл аймақта халық санын тұрақтандыру, ауылдарды құлдыратпай, қайта түлету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. Соның ішінде елді мекендерге жаңа өмір әкелген маңызды қадам – қоныс аударушыларды тарту бағдарламасы.

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков ауылдық білім ошақтарындағы оқушылар санын толықтыру, кадр тапшылығын жою және елді мекендердің әлеуметтік тынысын кеңейтуге басымдық беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бастама шын мәнінде нәтижесін бере бастады. Биылғы жылы бір ғана Егінді ауылына қоныс аударған үш отбасы – ауылдың шырайын кіргізіп, мектебінің мазмұнын байыта түсті. Нәтижесінде Егінді ауылы соңғы жылдары тынысы кеңейіп, әлеуметтік әлеуеті арта түскен елді мекендердің қатарынан көрінуде.
Қызылорда облысы Арал аудан Бекбауыл елді мекенінен қоныс аударған Ақмарал Дүзбаева екі баласымен бірге Егінді мектебінің жаңа бастауыш сынып мұғалімі атанды. Жас маман ауылының мәдени өміріне де араласа бастады. Ал оның інісі – Есет Серкешбай «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Бұлар – Егінді мектебіне келген тың күш, жаңа буын.
Түркістан қаласынан қоныс аударған Гүлжайна Серікқызының отбасы да Егіндіні жаңа мекен етіп таңдады. Төрт баланың анасы ауыл өміріне етене араласып, оның үш баласы бүгінде Егінді мектебінде білім алуда. Жас отбасының белсенділігі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне жаңаша рең беруде.
Бұдан бөлек, Қызылорда облысының Қазалы ауданынан келген Бақытжан Мамай мен Айдана Раматулла отбасылары үш баласымен Егіндіге тұрақты қоныс тепті. Олардың бірі қазіргі таңда ауыл мектебінің оқушысы. Бағдарламаға қатыспаса да, өз шешімімен ауылды таңдап, жаңа өмір бастауға бекінген бұл отбасының қадамы – ауылға деген сенім мен ықыластың белгісі.
2025 жылы көші-қон бағдарламасы аясында Ұлытау ауданына 9 отбасы, 30 жаңа тұрғын көшіп келді. Жыл соңына дейін тағы 1 отбасының келуі жоспарланып отыр. Бұл – соңғы жылдардағы ең оң көрсеткіштердің бірі.
Әрбір қоныс аударушы отбасы аудан әкімдігі тарапынан жылы қабақпен қарсы алынып, жаңа ортаға бейімделуі үшін әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бұл – жай ғана көші-қон емес, аймақтың демографиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған салмақты саясат. Қоныс аударушылар санының артуы – ауылдың әлеуметтік және экономикалық болашағы үшін маңызды. Әсіресе, мектептердегі мұғалім тапшылығы азайып, білім сапасы артып келеді. Балалар саны көбейіп, шағын жинақты мектептердің сақталуына мүмкіндік туды. Жергілікті еңбек нарығы жанданып, жаңа мамандар ауыл тіршілігіне серпін беруде. Ауылдың жалпы демографиялық жағдайы да жақсарып келеді.
Бүгінде аудандық билік ауылдарға қажетті мамандықтар бойынша қоныс аударушыларға тұрғын үй салып беру, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар жүргізуде. Бұл – Ұлытау өңірінің тек тарихымен емес, болашағымен де мақтана алатын аймақ боларына дәлел.
Сайып келгенде, Егінді ауылына орныққан жаңа отбасылар тек демографиялық көрсеткішті өсіріп қойған жоқ. Олар ауылға жаңа тыныс, жаңа құндылық, жаңа еңбек әкелді. Ұлытау ауданындағы көші-қон бағдарламасының тиімділігі – нақты істермен дәлелденіп отыр. Өңірге келген әр отбасы – ертеңгі Ұлытаудың өркендеуіне қосылған үлес. Ал олардың жаңа өмірге бейімделіп, орнығып кетуіне жасалған қамқорлық – ел болашағына салынған инвестиция.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.