Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиынына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы қарсаңында Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

Олжас Бектенов депуттарды Президенттің 2019-2024 жылдарға аралығындағы Қазақстан халқына Жолдауы мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын аша отырып, Президенттің әрбір Жолдауы – ел дамуының стратегиялық пайымы мен азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жүйелі жауап екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Президенттің сайлауалды бағдарламасы – ең негізгі маңызды құжаттар. Олардың сапалы орындалуы қоғамның билікке деген сеніміне негіз болады. Адамдар нақты өзгерістерді «осы жерде және дәл қазір» көргісі келеді. Біздің заң шығарушылардың да, Үкіметтің де ортақ міндеті – тапсырмаларды сапалы және мерзімінде орындау. Сондықтан біздің әрбір саяси маусымның басында Үкіметпен «сағат тілін салыстырып алу» тәжірибесін енгізгеніміз кездейсоқ емес»,

— деді Ерлан Қошанов.

Сөз сөйлеу барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкіметтің Президенттің стратегиялық бастамаларын орындау мақсатында дәйекті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Жалпыұлттық жоспар шеңберінде елдің тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда.

«Мемлекет басшысының саяси бағдарының арқасында ел экономикасы орнықты өсім көрсетіп келеді. Жеті айдың қорытындысына сәйкес өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Тау-кен өнеркәсібінде сирек және жерде сирек кездесетін металдарды игеру бойынша өсудің жаңа бағыттарын көріп отырмыз»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізді. Базалық сценарий бойынша үш жыл ішінде экономиканың нақты орташа жылдық өсімі 5,3%-ды құрайды.

«Салық реформасының нәтижесінде экономиканың өсуін ынталандыратын шығындар 10,9%-дан 16,1%-ға дейін өсетінін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде біз бизнестің дамуына инфрақұрылымдық және қаржылық тұрғыдан қолдау көрсете аламыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тапсырғандай, біз бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтап, қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етеміз»,

— деп атап өтті Премьер-Министр.