Облыс орталығында жаңа ботаникалық бақ құрылады
Жоба – Жезқазғанды көгалдандыру мақсатында қолға алынуда. Бұл жайында Ұлытау облысы әкімінің қала сыртындағы ескі ботаникалық баққа жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Өңір басшысының айтуынша қолға алынатын жұмыстар — қаладағы экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізеді. Жоба биыл бастау алмақ.
Яғни, 1939 жылы салынғанымен күрделі жаңарту жұмыстары атқарылмаған қала сыртындағы ескі бақ жаңа орынға көшіріледі. Ол үшін Кеңгір су қоймасының жағасынан 20 га жер бөлініп отыр.
«Жаңа орынға ботаникалық бақ құруды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырады. Қазір бағдарламасы әзірленіп жатыр. Арнайы бөлінген жер телімі Жезқазғанның Бас жоспарында да белгіленген», – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Айта кету керек, осы жылы жаңа орынға құрылыс жұмыстары, әкімшілік ғимараты, жылыжай салу қолға алынады.