ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ТЕРІСАҚҚАН АУЫЛЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алдымен ауылға кіреберіс жолдың су шайып кеткен жерінде болып, жағдайды көзімен көрді. Өңір басшысы ақау орын алған бөлікті жеке қолға алу қажет екенін жеткізді.

«Жолдың зардап шеккен бөлігі – көлемді. Сол себепті бұл жерде ауқымды жұмыс атқару қажет. Толықтай қайтадан қалыпқа келтіруді тапсырамын. Ақауды анықтап, шұғыл жұмысқа кірісіңіздер» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Одан бөлек, биыл аталған орында жерді тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда автокөліктер ауылға қатынауда.

Еске сала кетсек, 29 наурызда еріген қар суының көп болуы салдарынан Терісаққан ауылдық округіне кіреберіс 20 метр жол шайылып кеткен болатын.

Облыс әкімі келесі кезекте биыл қолданысқа берілуі тиіс фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратына барды. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 75%-ды құрайды. Өңір басшысы құрылысты мамырдың соңына дейін толықтай аяқтауды тапсырды.