Облыс әкімі – Ұлытауда

Аптаның ортасында Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы аудан орталығында салынып жатқан бірқатар нысандарда болып, құрылыстың барысымен танысты, мердігер компаниялардың өкілдеріне тапсырмалар жүктеді.

Орталықта 30 пәтерлі үй салынуда

Тұрғындарды заманауи баспанамен қамтамасыз етіп, тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын қысқарту мақсатында ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі орталықта салынып жатқан 30 пәтерлік көпқабатты үй.

Мамандардың айтуынша нысан құрылысын биыл толық аяқтау жоспарланып отыр. Ал баспаналардың кілті кезекте тұрған отбасыларға келер жылы беріле бастайды. Облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы ауданға жұмыс сапары барысында осы тұрғын үй құрылысының жай-жапсарымен жақын танысты. Мердігер ұйым өкілдері ауланы абаттандыру жұмыстарын күз мезгілінің басында толық бітіретінін жеткізді.
Абаттандыру барысында жолдың жиектастары, асфальт, балалар ойын алаңы қамтылады. Нысанның жоспарында коммерциялық бөлік те қарастырылған екен. Қазіргі таңда құрылыс басындағылар қалған екі кіреберістің ішкі сылақ жұмысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарына кіріспек.
Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өз кезегінде үйдің құрылысы, инженерлік желілері, абаттандыруының нақты дайын болатын уақытын, кестесін ендігі аптадан қалдырмай ұсыну міндетін жүктеді.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі таңда Ұлытау селосында 42 азамат үй кезегінде тұр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.