Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

Ұлытау ауданы әкімдігінің қолдауымен және ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қоғамға қауіп төндіретін нашақорлық, ойынқұмарлық, алаяқтық секілді әлеуметтік дерттердің алдын алуға бағытталған жаңа бейнефильмнің ресми көрсетілімі ұйымдастырылды. Шара аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған ауданның атқарушы және өкілдік органдарының өкілдері, ардагерлер, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен жастар қатысты.

Көрсетілімге аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан прокуроры Рахымжан Рахатов арнайы қатысып, туындының қоғамдық маңызын атап өтті. Фильм толықтай Ұлытау ауданы аумағында түсіріліп, сценарийі нақты оқиғаларға, шынайы әлеуметтік жағдайларға негізделген. Бұл – жобаның өмірмен байланысын күшейтіп, көрерменге терең ой салуына мүмкіндік береді.
Бейнефильмде нашақорлықтың жеке адам мен отбасыға тигізер зардабы, құмар ойынның адам тағдырын құрдымға жіберуі, алаяқтықтың әлеуметтік тыныштық пен сенімге нұқсан келтіруі көркем тәсілмен бейнеленген. Жоба әсіресе жас буынды тәрбиелеу, оларды қауіпті әдеттерден сақтандыруға бағдарланған.
Көрсетілім барысында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауданда да аталған әлеуметтік мәселелердің түбегейлі жойылмағанын, олармен күрес бір сәтке де тоқтамауы тиіс екенін атап өтті.
— Бүгінгі фильм – құр көркем дүние емес, қоғамға бағытталған ашық үндеу. Әрбір тұрғын өз қауіпсіздігіне, отбасындағы тәрбиесіне және қоғамдық ортадағы жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлуі қажет. Әсіресе жастар дұрыс таңдау жасаудың маңызын түсінгені абзал, — деді аудан басшысы.
Шараға қатысқан ардагерлер мен сала мамандары фильмнің әлеуметтік маңызын жоғары бағалады. Олар мұндай жобалардың тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырып, қоғамға ой салатынын, жастарды теріс әдеттен сақтандыруға ықпал ететінін жеткізді.
Көрсетілім соңында қатысушылар фильм авторларына алғыстарын білдіріп, осындай тәрбиелік бағыттағы жобаларды жиі ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.