Құндылықтарымызды қорғау – ортақ міндет
«Дүниежүзілік материалдық емес мəдени мұра» тізіміне енген құндылықтарымызды қорғауға қатысты іс-шаралар кешенін орындау үшін облысымызда арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Жуырда осы жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Орайы келгенде айта кетейік, «Дүниежүзілік материалдық емес мəдени мұра» тізіміне жалпы елімізден 13 элемент кірсе, оның 8-і біздің өңірде бар. Атап айтар болсақ, айтыс, күй, наурыз, асық, қымызмұрындық, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, құсбегілік. Бұлардың бəрі Ұлытау облысында да жоғары деңгейде дəріптеліп келеді. Сондай-ақ 2023 жəне 2024 жылы біздің өңір Ұлттық тізімге екі элемент (кимешек жəне темір ұсталық) ұсынды.
Облыс əкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың төрағалығымен өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында ҚР ЮНЕСКО жəне ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комитеттің мүшесі жəне сарапшысы, жерлесіміз – Бақтияр Қожахметов қолға алынатын жұмыс барысын баяндады. Сонымен қатар жиында əзірлеу жұмыстарына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – ЮНЕСКО жəне ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен 2024 жыл басында кіріскенін ескере отырып, Кезеңдік баяндаманы сапалы дайындау мақсатында тиісті ақпаратты жинақтау қажеттігі айтылды.
Одан бөлек, талдау жүргізетін уақытша жұмыс тобын құрудың маңыздылығы мен бірқатар ұйымдастырушылық шараның іске асырылуы қажет екені баяндалды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.