Ұмытуға болмайтын қасірет

ХХ ғасырдың қай үрдісін алсаң да, қазақ тарихында ақтаңдақ таңба бебеулеп тұрары шындық. Қазақтың көрген қорлығының, тартқан азабының, қырылған адамының өтеміне, жеткен жеңіс те, тапқан табыс та өлшем бола алмайды. Нəтижесінде технократтық даму жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір жеңілді. Қазақ табиғи төл болмысынан мүлде бөлек бітімде дами бастады. Ұлт тағдырындағы мұндай түбірлі өзгеріс табиғи даму жолымен емес, төтенше түрде, зорлықпен жүзеге асырылуы өткен тарихымыздың ақтаңдағы.

Cуретте: ортада Əңкіш Тілеубаев, Туғанай əжем, алдында отырған – мен.

Тарихи үрдіс – уақыт төрешісі

Тарих қойнауында күйген томардай беріштеніп ғасырды артқа аластаған оқиғалардың бұл күндері көз көрген куəгері түгілі, естіген əңгімелері қалмай, құлақсыз керең, тілсіз мылқау күн кешіп жүргеніміз ақиқат. Іші түтін, сырты бүтін ата-аналарымыз тілім-тілім қан жоса ішкі əлеміндегі шыбын жаны тартқан азабын бөгдеге білдірмей, шер-шемен əлемдерін өздерімен бірге о дүниеге ала кеткен сары алтындай сабырлы пенделер еді-ау.

«Əкең өлгенмен, көзін көрген өлмесін» деген қанатты сөздің жаны барына, біздер – Əңкішұлы Сайлаубай мен Əбілұлы Мұханбетжан сан рет көз жеткіздік, куəсі болдық. Елдегі көнекөз дегдар абыздарға сəлем берсек, қашып кетпесін дегені ме, табақтай алақанында қолыңды қыса түсіп:

– Əй кімнің баласысың, – дегеніне, «Əбілдің» кейде «Əңкіштің» десем, кенеттен екі иығы алпамсадай селкілдеп, өз-өзінен рахаттана күліп, есін жиған бетте, «əлгі итжеккенге барған Əңкеңнің баласымын де» деуші еді. Тілеубаев Əңкіш əкем Əбілдің туған ағасы, мені туысымен бауырына салған көрінеді. Мен сол кісінің шапанының шалғайында өстім. Тəттінің тапшы əрі таңсық кезі, атамның қалтасынан кір-кір науат қант пен мəмпəси кəмпит үзілмейтін. Мəмпəси деген түрлі-түсті кəмпиттің əрқайсының дəмі əртүрлі, бүгінде таңдайым мен аңсауымда қапты. Бесеует бере бермейтін. Есіктен əкем бой салған бетте, кəне балам, ана Əбілді боқтап жіберші деп беретін.

Атам, «өзіме тарт» деп, аузыма түкіруші еді. Атамның мен түсінбейтін басқа тілде сөздері болатын. Əңкеңнен əңгіме тыңдаймыз деушілерден құр болмайтын. Атаммен тұстас Ұлытауда қəриялар көп еді. Оразай Барақбай, Қозыбай Əбіт, Тарақты Досжан, Қараторғай Торғай, Ақтаз Қойшыбай, Арғын Байғожа, Иманғажы, Кəри, т.б. Ел жиналғанда «А ну, Тарзан катис» дегенде адамдар қыран топан күлкіге кенелуші еді. Түсінбесем де шапан шалғайынан сығалап жатып жаттап алғам. Кəзір көбі ұмыт, есте қалғаны – Станция «Сабано». А ну, Тарзан катись! Бір қызығы Ұлытауда «А ну, Тарзан катись!», уақыт өте келе «Тарзан катись!» содан «катис» деген атау маған тағылып, ақыры өткен ғасыр қойнауына сіңіп ол да өшіп тынған еді. Қазақтың атақты ғалымы, тарихшы, археолог Əлкей Марғұланның Ұлытау өңірінде археологиялық қазба жүргізген кезінде, Аманкелді кеңшарымен шаруашылық қатынаста болған көрінеді. Кеңшар басшысы Əліпбек Бекетаев Сарлыққа əкеп мейман еткен. Келесі бір келгенінде Жақия Смағұлов жездемдікіне түсіп дəм татып еді. Үлкен кісімен дəмдес, ғалыммен сұхбат жасасуға, елдегі Əне, Байсалбек, Қаби сияқты көнекөз кəриялар шақыртылып еді. Жазғы каникул кезі, кісі қолдарына су құюды жездем маған тапсырған. Бір шал:

– Əй Жақия, сенде мынадай бала жоқ еді, мына бала кім? – дегесін, Ұлытаудағы Əбілдің баласымын дегем. Əлгі шал бетіме бажырая қарап:

– Əй бұл əлгі, Əбілдің ағасы, көккөз шал, А ну, тарзан катистің баласы емес пе деді. Содан əлгі шал (кейін білдім, Əне деген кісі екен) Əлкейге арнап, бұлар Сіздің туысқаныңыз, мына Арғанатыны жайлап, қыстаған Арғын Сүйіндік елінің ұрпағы деген. Содан Сарлықта Əнені көрсем, бұрылып барып сəлем беруші едім. Əнекең өле өлгенше, «Тарзан катис» немесе «Итжеккеннің баласы» деп, атап кетіп еді. Тоқсан ауыз сөзімнің түйініне таянайын. От пен тозақ дауылы тоздыра алмаған, жаны сірі, тəні тулақ, өзегі өрт, жүрегі дерт қария, біз көргенді ұрпақ көрмесін деп бастайтын, əр кез, əр сөз басын. Тағдыр аяусыз, аянышты атамның белінен он бес ұрпақ өріп, ем-домсыз заманда шетінеп, содан жалғыз ұлы Жəкен қалып, ол Ұлы Отан соғысында 1943 жылы Керч қаласын қорғауда қаһармандықпен қаза тауып, 1-дəрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған.

Азапты күндер

Тажалдай талаған азап құрсауында əлсін-əлсін талықсып, ештеңе көрмесе де, санасына саңлау енсе, екі ұдай ойының бірі, «осы мен тірімін бе, əлде, о дүниедемін бе? деген қым-қуыт ой тереңі шым батырғанда бірде арпалыс алаңына лақтырса, бірде азап алаңынан жұлып əкеткендей күйде. Əруақ қолда деу, сөз мақалы.

Қапаста əруақ үні: «Борыма. Жасыма балам. Қасірет азап мəңгілік емес. Өмір тасыған су. Қарман, өтесің де кетесің» дегендей. Осынау өмір мен өлім, зұлымдық пен мейірім, кісілік пен кісəпірлік, ескілік пен жаңалық тайталасқан алмағайып сəтте ойын жүйелеуге шамасы жетпей, əлсін-əлсін естен тана берген.

Көзі құтырған қасқырдың көзіндей ойнақтаған шайтан көз, қара сұр жылан түстес тергеуші, бұның басына мұздай суды төңкеріп, кірерлі-шығарлы есі жиналды-ау дегенде, қара бақайынан, төбе құйқасына дейін шымырлатып, үйреншікті айғайына басатын.

Тегінде əділдіктің ақ шіркейі бар сана, мына тергеушінің арбауына түсіп, жазықсызды жылан болып шағып, нақақ жала жабуға, азғындауға, сүйегіне сіңген дегдар мəрттігі дес бермей бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деп, үш айдың жүзі қасарысумен келді. Шалшықтай саяз ойлы, ұзын сойыл ұрдажық тергеуші өз дегеніне көндіру үшін, тергеу сұрақтары күн сайын төлдеп, өрбіп жан қинайды екен. Тергеудің осыдан өзге жұмысы жоқтай, немесе аса қауіпті қылмыскердей есін жиған бетте, мəнсіз мағынасыз тергеу сұрақтарын жаудырып, қанағаттанарлық жауап ала алмаған соң, ұрып жығып есінен тандыра қинайды екен. Маңдайына тапаншасын тіреп қойып:

– Шыныңды айтасың ба, жоқ па? деп, арс ете түсті.

– Немді айтам?

– Қылмысыңды деймін.

– Айтарымды айттым, жасырып қалар еш қылмысым жоқ. Бар айыбым жарты пұт /8 келі/ бидайды қоймадан көпбалалы, аштықтан өлуге тақалған семьяға бердім. Басқа еш жазығым жоқ.

– «Ештемем жоқты» көрсетем мен саған, басыңа қанша айып тағылып жатқанын да білмейсің сен малғұн, – дей келе:

– «Жапон тыңшысы» деген бұлтартпас айғақ бар, ол туралы жақ сындырып, ауыз ашпайсың. Ішек-қарныңды көзіңше суырып отырып мойындатамын. Отанын сатқан опасыз, нақтылы сатқындық қылмысыңды қалай жасырмақсың! Бірақ қанша жасырғаныңмен сыбайластарың əшкерелеп болды! Мен саған айтып қояйын, ендігі сенің тірі құтылу жолың біреу ғана. Ол өз еркіңмен қылмысыңды толық мойындау. Тіршілік керек болса, өзіңе?

«Жала» деуге тілін толық келтірмей тергеуші соққыға жыққанша, соңғы сөзі «жала, жала, жа… ла» деп баяулап барып өшкен. Осылайша ит қорлықтағы алты ай, қу сүйек кеміргендей болған тергеуші. Ақыры сағыздай созған іс мерзімі бітіп, іс сотқа атышулы 58 баппен жолданыпты.

Белгіленген күні екі жендет аяғын шіресе сүйемелдеп, шіремесе сүйреп сотқа əкеледі. Сот айыптау қорытындыны мұқият қарап, бір сəт сотталушыға көз айырмай қарап, өзгеге сездірмеген кейпі бас шайқаған болған. «Сотталушы аты жөніңіз» деген сот сұрауына, сөйлеуге шамасы жоқ сотталушыдан жауап болмағасын, тергеуші тұрып «Тілеубаев Əңкіш 58 бап» деп, жауап беріпті. Сот төрағасы, тергеуші арнап:

– Айыпталушы денсаулығының ауыр жағдайға ұшырату себебін қалай түсіндіресіз? Сот отырысы айыпталушы денсаулығына байланысты он күнге кейін қалдырылсын. Тергеуші жолдас, заңға сəйкес айыпталушы денсаулығының оңалуына тиісті шара жасасын деп шешім етіпті.

Содан түрмеге əкеліп ас-су бергізіп, ем-дом жасаттырыпты. Тергеушінің бұрынғы түрі жоқ, азаптау, айғайлаудан ада болған. Ес жиды дегенде, түрмеге жас тергеуші келіп, істі қайта тергеп, ақты-қарасын ақиқат тұрғыда тергеу жүргізіпті. Жалған куəлерді беттестіріп, «Жапон тыңшысы» деген айыпты негізсіз деп таниды.

Белгіленген күні атам, аяғымен сот отырысына өзі келіпті. Сот тыңдауында жаңа тергеуші, қосымша тергеу нəтижесімен сотты таныстырып, қылмыс құрамында 58 бапқа қатысты іс-əрекеттің жоқтығын баян етеді.

Ақырында сот алқасы кеңесіп, барлық айыптарды негізсіз жала деп тауып сот залынан атамды босатыпты. Атбасардан бір ай мерзімде үкім күшіне енгенше кетпеуді жүктепті. Мерзімінде үкімін алуға келсе, үкімді беріп тұрып:

– Красноармеец Анкиш Тилеубевич, разве вы не узнали меня? – дегенге дейін, кезінде Алашорда, одан ревкомда осы Атбасар, Есіл, Терісаққан өңірлерінде бірге жүрген майдандас досын танымапты.

Елде

Қолдарында білемдеген жез сапты қамшы, иықтарында көк мылтық асынған салт атты үш жендет келіп, тып-тыныш ұйыған сүттей елді ақ сабау тиген тулақша шаңын аспанға шығарып, ауылдың тайлы тұяғына дейін ортаға сапқа тізіп, ақырында арасынан үш адамды алдарына салып жаяу айдап кетіпті. Солардың бірі менің атам екен. Үкім қолына тиіп қысты Атбасарда аяқтап, жаз шыға сот досынан ат мініп, ел шетіне жетеді. Бір жылдан аса хабарсыз бұл кісіні ел іші «Итжеккенге айдалды» деп ұйғарып қойса керек. Артында іздеушісі жоқ адам. Содан қонбақшы болған үйлер бұл кісіден «Итжеккеннен қашып келе жатқан қашқын» деп үрейленіп, əңгімелесіп əйжəй болғасын ғана рай танытыпты. Сол Итжеккен атымен елге келеді. Итжеккенге барған бармағанын қараңғы күмəнді елге еш сездірместен жаргон сөздеріне басып, «Станция Сабано. А ну, Тарзан катис», деп ол ол ма, Москваның, Қызыл алаңында ел көсемдері Сталин, Калинин, Молотов т.б., қатысқан мерекелік үлкен жиында қазақтың «Аққұм» əнін шырқадым деген қуақы əңгімелері жəне бар. Ол кезде Москва тұрмақ, əлгі аталған атауларды елдің білер кезі ме еді. Əруағы Алланың ажарында, Пайғамбар назарында болсын.

Мұханбетжан ƏБІЛОВ.

Қазақстан Республикасы қаржы саласының ардагері.

 ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.