Мемлекеттік қызметке кірудің жаңа жүйесі

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, Заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Осыған орай, 2023 жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке кірудің жаңа жүйесі іске қосылып, мемлекеттік органдар арасында кезең кезеңмен енгізілуде.
Осы жылдың шілде айынан бастап іріктеудің жаңа жүйесі Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдарында енгізілетін болады.
Бұрынғы жүйе бойынша: еgov порталы арқылы тестке жазылып, тестілеу залына келіп, заңнамаларға және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеулерінен өту, сондай-ақ, бос лауазымдарға құжат тапсырып, жеке мемлекеттік органға конкурстық комиссияға әңгімелесуге бару керек болатын.
Қазіргі таңда, бүкіл процестер толық автоматтандырылуда.
Бұл ретте, «Е-kyzmet» ЫАЖ жүйесінің сыртқы порталында іске асырылатын конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге мемлекеттік органға келмей, үйден отырып-ақ конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін үміткерлер ең алдымен eqyzmet.gov. kz интернет-порталы арқылы сәйкестендіру номерін алады, яғни оның үміткердің аты-жөні жасырылады.
Бұл мүдделер қақтығысының болмауын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, «Е-kyzmet» ЫАЖ-да барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жасалынды.
Ол мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босату, өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау – мұның бәрін автоматты түрде жүйе өзі жасайды. Осы ретте, конкурсқа қатысу үшін интернетке қосылған, веб камерасы, микрофоны бар компьютер болса жеткілікті.
Оған қоса, жаңа жүйе бойынша тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге – 9-дан 4-ке дейін қысқартылды.
Іріктеу рәсімдерінін кең ауқымда цифрландырылуы өз кезегінде мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Роман КИМ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.