Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті.

Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді, – деді Президент.