Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Ерлан Қошанов Президент реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында палатаның атқарған қызметі туралы баяндады:

– сессия басталғаннан бері 31 заң қабылданып, Сенатқа жолданған, сондай-ақ 15 заңға Президент қол қойған. Олардың ішінде Бюджет кодексі, биржалық сауда мәселелері бойынша заңдар, есірткі қылмысы үшін жазаны қатаңдату, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесін енгізу, соттарды жаңғырту, әкімшілік заңнаманы жетілдіру және тағы басқалары бар;

– қазір депутаттар 71 заң жобасын қарап жатыр. Салық, Су, Құрылыс, Цифрлық кодекстері мен тұтынушылар құқығын қорғау, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі, қаржы нарығын дамыту, әскери-патриоттық тәрбие, пошта секілді заң жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде;

– Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар қыз алып қашқаны үшін берілетін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер дайындап жатыр.

✔️«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты», сондай-ақ Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобалары туралы да айтылды.