Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді

Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.

– Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады, – деді Мемлекет басшысы.