Мемлекет басшысы: Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуға назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде. Биыл шаруаларды қолдауға 1 трлн теңге бөлінді. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдаулар бұрын-соңды елімізде болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы – оны тиімді пайдалану қажет», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллардан асады. 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, өнімдер әлемнің көптеген елдеріне экспортталуда.

Президент мұндай жобалардың ауқымын одан әрі кеңейту қажеттігін айтты.