Мектеп асханаларында жаңа тамақтану стандарты енгізілді

3 қыркүйек күні Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Орынай Амантайқызы Жұбатованың қатысуымен мектеп оқушыларының тамақтану стандарттары бойынша брифинг өтті.

Спикердің айтуынша, балалардың білім беру ұйымдарындағы тамақтануын ұйымдастыру бірқатар талаптармен реттеледі. Олар – өсіп келе жатқан ағзаның қажеттіліктеріне сәйкес келетін, сапалы, қауіпсіз әрі теңгерімді тағаммен қамтуға бағытталған.
2025 жылғы 4 наурыздағы ҚР Денсаулық сақтау министрінің №16 бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарындағы ас мәзірі санитарлық нормаларға сай болуы тиіс. Тамақтануды ұйымдастыру кезінде:
оқушылардың жас ерекшелігі, мектептегі болу уақыты ескеріледі;
төрт апталық маусымдық мәзір жасалып, күнделікті ас мәзірі соған сәйкес бекітіледі;
асхана жабдықтарының санитарлық жағдайы қатаң қадағаланады;
тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігіне өндірістік бақылау жүргізіледі.
Жұбатова О.А. мектеп асханаларында дайындалған тағамдардың екі сағаттан артық сақталуына жол берілмейтінін, сондай-ақ бір күннен қалған тамақтарды қайта пайдалануға қатаң тыйым салынғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ата-аналар балалардың дұрыс тамақтану режимін сақтауда мектеппен қатар үйлесімділік танытып, үй жағдайындағы ас мәзірін де салауатты тамақтану қағидаларына сәйкестендіруі тиіс екендігі айтылды.