Медиация – мәміле алаңы

Медиация институты қазаққа жат емес. Жалпы медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырып жатады. Оған себеп — медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған. Заңның жалпы сипаты мен тұжырымдамасы баяғы қазақтың ықылым заманнан қолданып келе жатқан билер сотының үлгісі іспеттес.

Тарихтан белгілі, қазақ халқы «Медиация туралы» Заңмен белгіленген қағидаттар мен ережелерді ерте заманнан қолданып келген. Бір кездегі қазақтың билер сотының қазіргі сот жүйесінен ерекшелігі — ондай билерді ешкім сайламаған да, тағайындамаған. Бұқара халық өзі мойындап, əділдікті ту еткендердің алдына жығылып отырған. Екіншіден, қазақ билері əділ төрелік жасағанда, ең алдымен кеткен шығынды қалпына келтіру мəселесін қаперде ұстанатын. Бұл да — бүгінгі біздің қоғамның сұранып тұрған өзекті мəселесі, медиацияның негізі де осы.
Бітімгершілікті кəсіпқой медиатор немесе қоғамдық медиатор жасай алады. Заңда атап көрсетілгеніндей, медиаторлықты таңдаған адам кəсіби жəне кəсіби емес негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, ҚР Медиаторлар одағында арнайы оқу курсынан өткен тұлға медиатор бола алады. Ал, кəсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиіс. Бірақ, заң саласының маманы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді.
Судьядан айырмашылығы — медиатор тараптармен болатын келіссөздерге кез келген уақытта, кез келген жерде қатыса алады. Ал, судьяға араласпаушылық принципі бойынша мұндай келіссөздерге қатысуға заң бойынша рұқсат етілмейді. Тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Жеңіл жəне орташа ауыр қылмыстық істер бойынша жəбірленушіге мүдделі жақ келтірген залалдың орнын толтыру туралы екіжақты келісімге келетін болса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 67-бабы бойынша іс тоқтатылады. Сонымен бірге, медиатордың қызметі кəсіпкерлік болып саналмайды. Яғни, басқа да қызмет түрлерімен айналыса алады. Оларға еңбекақы жұмыс ауқымына қарай тараптармен келісу арқылы төленеді.
Медиация тараптары өзара келісім бойынша басқа медиаторды таңдауға құқылы. Азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар бұл туралы сотқа не қылмыстық қудалау органына хабарлауға міндетті.
Медиация қағидаттарына сəйкес, медиатордың өз функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін мəн-жайлар туындаған жағдайда, медиатор дереу өздігінен бас тартуды мəлімдеуге міндетті. Егер медиатордың пікірі бойынша медиацияны жүргізу процесіндегі одан арғы күш-жігер тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) шеше алмайтын болса, медиатор оны жүргізуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекітілген келісімімен медиацияны тоқтатуға құқылы.
Медиация — бұл жаңа бірлесіп əзірленген ереже бойынша өмір сүрудің бастамасы. Сондықтан, бүгінгі таңда медиация мұраны бөлу кезінде, көршілер арасындағы келіспеушілікті шешуде, экономикалық жəне еңбек талас-тартыстары кезінде, қоршаған ортаны қорғау мəселелерімен байланысты дауларды шешуде, кінəлі мен зардап шегушінің арасындағы бітімгерлік келісімдер кезінде пайдалану тиімді болмақ.

Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық соты əкімшісінің басшысы.