Маңызды шешімдер қабылданды
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы Ахат Құрмансейітовтің төрағалығымен өткен тұрақты комиссиялардың біріккен отырысына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек және аудандық деңгейдегі мекеме-бөлімдер басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Ал, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері әдеттегідей ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.
Депутаттардың басқосуында аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы ХІІ сессиясының күн тәртібіне ұсынылған «Ұлытау ауданының 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті туралы» №81 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде мәселелер талқыға түсті.
Маңызды сауал бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады. Депутаттар мәселені жан-жақты қарастырып, егжей-тегжейлі зерделеді. Талқылау түйінінде бюджетке өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны қолдап, сессия қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.
Тұрақты комиссияның біріккен отырысында сондай-ақ, Ұлытау аудандық бюджеттік комиссиясының құрамын бекіту туралы да мәселе қаралды. Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады. Мандат иелері бұл ұсынысқа да қолдау білдіріп, сессияның қарауына ұсыну жөнінде ұйғарымға келді. Тұрақты комиссиялар отырысынан кейін аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІ сессиясы өтіп, жоғарғыда аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Аудандық бюджетке өзгерістер енгізілген осы нұсқасы аудан аумағындағы күрделі мәселелердің түйінін шешуге септігін тигізеді деп күтілуде.
Сессия жұмысы қорытындыланған соң, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков өзекті сауалдарды тыңғылықты талқылап, ортақ мүдделі шешімдер қабылдауға белсенділік танытқаны үшін депутаттар корпусына ризашылығын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.