Маңызды мәселелер екшелді

Ұлытау аудандық мəслихатының кезекті XIV сессиясы өтті. Мəслихат төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ төрағалық еткен мандат иелерінің басты жиынына аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан əкімінің орынбасарлары, аудандық мекеме-бөлімдер басшылары жəне жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Ал, кенттер мен ауылдық округтер əкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.

Депутаттардың басқосуында «Ұлытау аудандық мəслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы XII сессиясының №81 «2024-2026 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мəселе талқыға түсті. Маңызды сауал бойынша аудандық экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин баяндама жасады.
Баяндама аяқталған соң мандат иелері мəселені жанжақты қарастырып, ой елегінен өткізді. Соның аясында өздерінің көңіл төріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын да бүкпесіз ортаға салды. Бұдан кейін, күн тəртібіне «Ұлытау ауданында бөлшек салықтың арнаулы режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» мəселе шығарылып, оған қатысты хабарламаны аудандық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова жасады. Сонымен қатар, «Ұлытау ауданының əлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу жəне мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жаңагүл Бекмағанбетованың хабарламасы тыңдалды.
Келесі мəселе аясында аудан бойынша халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға жəне көмуге арналған тарифтерді бекіту жайында сөз болды. Бұл мəселе төңірегінде аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары жəне тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Батырлан Сəбден мəлімдеме жасады. Сондай-ақ, сессия барысында аудандық мəслихаттың 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №427 шешіміне аудан аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру жəне өткізу үшін арнайы орындар жəне пикеттеуді өткізу тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы сонымен қатар, аудан бойынша шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту жөніндегі ұсыныстар қабылданды.
Талқылау түйінінде, аудандық мəслихаттың XIV сессиясына ұсынылған барлық мəселелер толықтай талқылаудан өтіп, тиісті тұжырымдар жасалды. Мандат иелері барлық мəселелерді сындарлы түрде егжей-тегжейлі талқылап, оларға қатысты шешімдер қабылдады.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.