Мақат сағанасы
Ұлытау аймағында ықылым заманнан қалған сәулет өнері ескерткіштері молынан сақталған. Ескерткіштердің басым бөлігі халық арасында қастерлі болып саналатын тұлғалардың кесенелері. Солардың ішінде республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштің бірі – Мақат мазары. Бұл нысан – Шеңбер ауылынан солтүстік – батысқа қарай 10 шақырым қашықтықта Қараторғай өзенінің жағасында орналасқан.
Мазарды 2021 жылы «Ұлытау» ұлттық
тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің ұсынысы негізінде «Қазқайта жаңғырту» республикалық кәсіпорынның Қызылорда қаласындағы филиалы қайта жаңғыртты.
Ал, мазар туралы айтар болсақ, бұл
мазар Мақат Саржанұлына арналып салынған. Сәулет өнері өзгеше. Сыртқы аумағы 5,5 х5,6 метрді құрайды. Жалпы биіктігі – 6 метрге жетеді. Құрылысына көлемі 26 х 12х7 см болып келетін кірпіштер қаланған. Сыртқы бұрыштары мен қабырға жиектерінің кірпіштері жартылай қалау арқылы шығыңқы бағанамен өріліп келген. Конус тәріздес күмбезі дөнгеленіп үстіне орнатылған. Қасбеті П пішіндес белдеумен әшекейленіп, ортасынан доғалы кіреберіс есік шығарылған. Есігі шымылдықпен жабылған. Онда әйел мен ер адамға арналған екі қабір бар. Қабірдің көлемі 1,5х2,2 метрді құрайды. Оның әр бұрышынан шаршы пішінді саңылау қалдырылған.
Ал, мазардың басқалардан ерекшелігі, мұнда Мақат Саржанұлының біраз ұрпақтары жерленген. Өйткені, мазарда сағана бар. Сағанаға қайтыс болған адамның мәйітін қойған, бірден жерлемеген. Әуелі жерасты камерасына орналастырып қойылған. Тек, келесі мәйітті қояр кезде ғана алдыңғы сүйектерді тікелей қабірге қарай жылжытып отырған. Қазіргі күні мазарда Мақаттың 20 шақты ұрпағы жерленген.
Елімізде мұндай нысандар санаулы.
Мақат сағанасы республикалық маңызы бар Ұлытау аймағындағы 11 ескерткіштің бірі. Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген кезде де мазардың әуелгі тұрпаты сақталып қалынды. Бастапқы тарихи келбеті өзгерген жоқ, сол қалпында.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.