Мәжіліс төрағасы мән-жаймен танысты

Аптаның басында ҚР Парламенті Мəжілісінің төрағасы Ерлан ҚОШАНОВ пен Парламент депутаттары Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Меймандар алдымен Сəтбаев қаласындағы №1 жылу станциясындағы еңбек ұжымымен жəне қала жұртшылығымен кездесіп, экология жəне «қара қар» мəселелерін талқылады.

Мəжіліс спикері Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін жəне қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-ге тиесілі №1 Жылу стансасы басшыларының Сəтбаев қаласын ластауы бойынша түсініктемелерін жəне атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту бойынша атқарылу керек кешенді шаралар жоспарын тыңдады. Сондай-ақ №1 Жылу стансасындағы №4 қазандықта орнатылған эмульгатор түріндегі заманауи күл ұстағыш қондырғысының жұмысы бақыланып, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-ға нақты тапсырмалар берілді. Нақтылап айтқанда, 2025-2026 жылдары жылу беру маусымына дайындық барысында №1 Жылу стансасындағы №1, 2 жəне №3 қазандықтарға күл ұстағыш эмульгаторларды орнату міндеті жүктелді. Алайда, күл ұстағыш эмульгаторларды орнатқаннан кейін станцияның жылу қуаттылығы азаятындықтан, №2 Жылу стансасы арқылы да тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын атқару бойынша тапсырмалар берілді. Ал Ұлытау облысы əкімдігіне жеке секторды газдандыру жөніндегі жобаларды іске асыруды қолға алу тапсырылды. Сапар барысында Мəжіліс депутаттары Жезқазған қаласындағы шаруашылық ауыз су тазарту ғимаратындағы (гидроцех) жұмыспен де танысты.
Жезқазғандағы жүздесуде Мəжіліс төрағасы Үйтас-Айдос топтық су жүйелерінің кезеңдерімен, Есқұла су құбырының құрылысы жəне «Жезқазған қаласының шаруашылық ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту» жобалары бойынша Ұлытау облысының əкімдігіне, Қазақстан Республикасы Су ресурстары жəне ирригация министрлігі мен Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігіне 2025-2027 жылдары жобаларды қаржыландырып аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.