Мәжіліс Спикерінің салмақты сапары

Мәжіліс Спикерінің сапары облыс активімен – Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарының депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуден басталды.

Ерлан Қошанов ұлытаулықтармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ел ретінде тек алға ғана қарауымыз керек» деген жуырда ғана берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға назар аударды.

Кездесу барысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыс орталығындағы жылу, таза ауыз су мәселесін шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өңір басшысы ҚР Президентімен мақұлданған Жезқазғанға екінші ЖЭО салу жобасының биыл құжатын дайындау жұмыстары басталатынын айтты. Аталған жоба – Жезқазған қаласының ғана емес, Сәтбаевтың да жылу мәселесін шешуге өз септігін тигізеді.

Одан бөлек, Мәжіліс төрағасы екі күн бұрын Президент қабылдауында болғанын және Мемлекет басшысымен болған кездесуде Ұлытау өңірінің дамуы жайында да сөз қозғалғанын жеткізді.

«Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді» – деді Мәжіліс төрағасы.

Одан әрі депутаттар Жезқазған жылу электр орталығында жылу беру маусымының барысы мен кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары туралы есептерді тыңдады. Сонымен қатар жылу электр орталығы қызметкерлеріне жылу және энергетика туралы жаңа заң жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып, сұрақтарға жауап берді, энергетиктердің ұсыныстарын тыңдады.

Сапар барысында депутаттар Жезқазған байыту комбинатында болып, Сәтбаев қаласындағы «Анненская» шахтасына түсті. Ерлан Қошанов кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндірістегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі түзетулер туралы айтып берді.