«Мәртөбеден — Ұлытауға» экспедициясы – рухани-мәдени байланыстар бастауы

Бабалардан қалған бағалы тәмсілдің бірі – «Қуанышты бөліссең көбейеді». Осы ұстанымды ұдайы ұлықтай білетін «Айғақ» телерадиокомпаниясының Бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, қоғам қайраткері Дулат ӘБІШ ұйымдастырған әрі жетекшілік еткен «Мәртөбеден – Ұлытауға» тарихитанымдық экспедициясы Ұлытау облысының құрылатыны туралы ақжолтай жаңалыққа орай, Ұлт бесігіне оңтүстіктегі ақжарма пейіл ағайынның ыстық ықыласы мен құттықтауын ала келді. Сапар барысында құрметті меймандар аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ және аудандық мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВПЕН жүздесіп, алдағы уақытта руханимәдени байланысты нығайта түсу жөнінде уағдаласты.

 

Сөз басында Арқа төсіндегі жұртшылықтың қуанышын бөлісуді мұрат тұтқан ізгі ниетті топтың құрамында археолог, Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожаев, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, республикалық «Отандастар» қорының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша фронт-офисінің сарапшысы, мәдениеттанушы Бегалы Рысбеков, Халықаралық «Ер-Қаптағай» қорының төрағасы, Қатонқарағай ауданының Құрметті азаматы, меценат Ғани Шаймарданов, «Серпіліс» қоғамдық қорының жетекшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бейсенкүл Нарымбетова, блогер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабек Түйетаев, Бәйдібек аудандық «Алғабас» газетінің бас редакторы Абзал Әділбеков, «Ontustik Kazakhstan» газетінің бөлім меңгерушісі Серікқали Жексенбай, Қазақстанның Құрметті журналисі Ағабек Қазанбай, «Бекет» газетінің бас редакторы Сафуан Өтебаев, өлкетанушы, экология жанашыры Қайрат Жүсіпов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының маманы Әзімхан Исабек, сондай-ақ, «Айғақ» телеарнасының қызметкерлері Арайлым Әбсағат пен Нұрберік Тұрғын болғанын айта кеткен жөн секілді.

Ұлытаудың ұлық қасиетін жете таныған қонақтар алғашқы кезекте «Жошы хан» кешеніне атбасын бұрып, қазақ хандарының көшбасшысы саналатын тұлға рухына құран бағыштады. Заманауи үлгідегі кешен құрамындағы нысандарды қызыға тамашалап, көрме жәдігерлерімен танысты.

Бұдан кейінгі сапар Жезді кентіндегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде жалғасты. Бұл жерде олармен бірге аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен «Ұлытау» газетінің құрылтайшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ахат Құрмансейітов болды. Меймандар бітімі бөлек мәдениет ошағында аса құнды дүниелердің жинақталғанына қаншалықты риза болса, музей басшысы Зейпін Қазанбаеваның зерделі болмысына, әр жәдігерге қатысты толымды әрі тартымды әңгіме өрбіте білуіне соншалықты тәнтілік танытты. Дулат Әбіштің музей қорына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың бейнесі салынған кілемше тарту етуі соның айғағы іспетті қабылданды.

Жезді-Ұлытау жолы бойындағы әлемдегі ең алып Көкбөрі ескерткіші экспедиция мүшелері қызыға тамашалаған нысанның бірі болды.

Дәл сол күні Қазақстанды жаяу аралау мақсатымен Ұлт ұясынан сапарға шыққан 72 жастағы жиһанкез қария Сәрсенбай Қотырашовпен жол бойында жолығысу өте әсерлі сәттің біріне айналды. «Іздегенге – сұраған» демекші, «Айғақ» телеарнасының журналистері тәуекелшіл ақсақалды таспаға түсіріп, сұхбат алса, меймандардың жасы үлкені – Мұхтар аға сапарына сәттілік тілеп, батасын берді.

Ұлытаудың іргесіндегі Қазақстан халқының бірлігі және мемлекет тұтастығы монументіне аялдаған мәртебелі меймандарды аудан әкімі Советбек Медебаев күтіп алып, әкімдік ғимаратында арнайы қабылдады. Киелі Түркістанның тұнық пейілі мен ыстық сәлемін арқалай жеткен азаматтарға риясыз алғысын айтты. Кездесу кезінде Дулат Әбіш жаңа облыстың құрылуына байланысты жалпы ұлытаулық қауымға Оңтүстік өңір халқының құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, қос тарап алдағы кезеңде тығыз мәдени қарым-қатынас орнатуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Екі жақ сый-сияпаттарымен алмасты.

Аудан басшысының қабылдауынан кейін меймандар «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің көрме залында, туристерге арналған Сапар орталығында болды.

P.S. Тарихи-танымдық экспедицияның басты бағдарын, түпкі мақсаты мен пікір алмасулар барысындағы түйіндерді таразыға тарта отырып, біз Ұлытау мен Түркістанның беріден салсақ, Ұлт тарихындағы, әріден тартсақ, Түркі әлеміндегі қадір-қасиеті уақыт санап арта түспесе, бір мысқал кемімейтініне көз жеткізе түскендей болдық. Сол себепті, Оңтүстікке орныққан ордалы жұрт өкілдерінің Ұлт бесігіне жасаған осынау сапарын өңірлер мәдениетінің тоғысуы деп тұжырымдадық.

Иә, байырғы бабалардың ұлағатты ұстанымдары Жаңа Қазақстанда осылайша көрініс беруі – табиғи заңдылық!..

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ