Мәдениет майталмандары марапатталды

Сəрсенбі күні өңіріміздегі мəдениет пен өнер саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтті. Облыс орталығындағы іргелі өнер ордасы Серке Қожамқұлов театрының ғимаратында өткен айшықты шарада 60-тан астам мəдениет саласының майталмандары марапатқа ие болып, құрмет-қошеметке бөленді.

Мерекеге арналған салтанатты шараға Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов қатысып, мəдениет пен өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген жандарды төл мерекелерімен құттықтады.
– Ұлытау облысы бойынша 38 мəдениет жəне клуб үйірмелері, 56 кітапхана, Серке театры, Қалмағанбетов филармониясы, шығармашылық орталықтар сондай-ақ 4 музей халыққа қызмет етіп келеді. Қаламға серт еткен ақын-жазушы, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкері, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашы, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр əртісі, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандар осы саланың дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді, – деді Ұлантай Төлеутайұлы өз сөзінде.
Салтанатта мəдениет саласының 12 майталманы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 4 ардагер Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, мəдениет саласының 20 үздіктеріне əртүрлі номинация бойынша марапат табысталды. Басты номинация – «Мамандығына адалдығы үшін» жəне 1 млн теңге ақшалай сыйлық. Бұл марапатқа филармония əншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі Береке Көшенов лайық деп танылды. Өзге номинация иегеріне 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Орайы келгенде айта кетейік, салтанатты шарада Т.Қалмағанбетов атындағы филармония əншісі Перизат Несіпбаева бірден екі жүлдені иеленді. Оған «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен «Жылдың эстрада жанрының вокалисі» номинациясы тапсырылды.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.