Мұғалім – ел ардақтысы

Мұғалім – елдің білім беру саласындағы басты тұлға. Әр мұғалімнің еңбегі әрқашан игілікті, жасампаз әрі шығармашылық болып саналады. Бүгінгі таңда ХХІ ғасырды ақпараттану мен инновациялық ғасыр деп отырғанда қоғам талабына сай интеллектуалды әлемдік деңгейге сәйкес, білім беру, ұрпақ тәрбиелеу, мұғалім алдындағы зор міндет, үлкен жауапкершілік. Ұстаз еңбегі өлшеусіз дейтініміз де содан. Олар қоғамның ауыр жүгін арқалаған жауапты мамандық иесі. Қай кезеңде болсын, ұстаздық – тек кәсіп емес, мәртебелі атақ. Әр ұстаз өз шәкірті үшін ақыл-парасаттың бұлағы, келешек өмірдің іргетасын қалайтын адам.

Елімізде білім саласын дамыту үшін бүгінде мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалуда. Мектептердің материалдық-техникалық базасына назар аударылып, оқу кабинеттері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ал, Ұлытау ауданына қарасты 15 орта, 2 негізгі мектептерде және 2 қосымша білім беру ұйымдарында 463 мұғалім еңбек етеді. Олардың жоғары білімдісі 338, арнаулы орта білімдісі 125. Жоғары санатты 38, бірінші санатты 138, екінші санатты 124 мұғалім бар.

Міне, осындай ұстаздар ауданымызда білімді және рухани тұрғыдан дамыған өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жатыр. Олардың беделі басқаларға қарағанда едәуір жоғары болатыны да содан. Өйткені, «өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» мұғалімнің қолынан ғана келетін іс. Әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздарының білім-біліктері мұғалімдер үшін маңызды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ