Ұлытаулық жиһанкез – Теміртауда
Қазақтың кең даласын жаяу шарлап шығуды көздеген ұлытаулық жиһанкез Сәрсенбай ҚОТЫРАШОВ металлургтер қаласы Теміртау жұртымен кездесті. Алдына ұлы мақсат қойған қарияны қала тұрғындары, еңбек ардагерлері және «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ қарасты этномәдени бірлестік өкілдері қошеметпен қарсы алды.
Теміртаудың кіреберісінде алғашқы қазақстандық құрышқа қойылған ескерткіш бар. Жиһанкезді күтіп алуға асыққан жұртшылық сол жерге жиналды. Уәделі уақыт – сағат 16:00 еді. Әйтсе де, саяхатшы қария межелі уақыттан кешігіп жетті. Бастапқыда жұрт мұны Қарағанды мен екі араның алыстығына, жаяу адам үшін жолдың күрделі екеніне балаған еді. Сөйтсек, кешігудің сыры басқада екен. Мұны жиһанкез қартқа қолдау көрсетіп жүрген Бақтияр Қожахметов түсіндіріп берді.
– Қазір ақсақалдың танымалдылығы артты. Жолдағы көліктер қадам басқан сайын тоқтатып, суретке түсіп, сұхбат құруға асығады. Осылайша, ол кісіні жиі бөгейді. Қайта Теміртаудың шекарасынан асқан соң патрулдік полиция қызметкерлері алдынан шығып, солардың жолбастауымен тоқтаусыз жүріп келе жатыр, – деді Бақтияр Сапарбекұлы.
Расымен де, айтып ауыз жиғанша жиһанкез құрыш қалаға кіріп, қошеметпен қарсы алуға әзір топқа таянды. Осы сәтті асыға күткен жұрт қарияның қолын алып, ілтипат танытса, ақсақалдар арнау айтып, өлең оқыды. Өз кезегінде, «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ қарасты этномәдени бірлестіктің төрағасы Әлішер Жақыпбеков саяхатшыға кәсіпорын эмблемасы таңбаланған футболка мен каска табыс етті.
– Мұның символикалық мәні бар. Сәрсенбай Оспанұлы сонау Ұлытаудан – қазақ металлургиясы пайда болған өңірден сапарға шығып, бүгінде еліміздегі ең ірі металлургия орталығы саналатын Теміртауға келіп отыр. Әрі бұл кісі темірден түйін түйетін шебер ұста екен. Сондықтан, ардагер металлургтер жиһанкез бауырымызды қатарымызға алып, осы бір сыйлықтарды табыстауды жөн көрдік, – деді Әлішер Жақыпбеков.
Содан соң алқалаған әлеумет Сәрсенбай Оспанұлын ортаға алып, қала төрінде орналасқан Металлургтер монументі мен Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына аттанды. Ол жерде саяхатшыны қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев қарсы алып, Теміртаудың өткені мен бүгіні жазылған жинақты тарту етті. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кемелбек Сүйімбаев ақсақалға ұлттық құраманың спорт киімін сыйлады.
– Құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп жатқан жұртыма айтар алғысым шексіз. Мен бұл сапарға шыққанда үкіметке де, басқаға да қол жайған жоқпын. Өзімнің денсаулығыма және халқымның ықылас-пейіліне сендім. Шүкір, сенімім ақталды. Қайда барсам да қарапайым көпшілік құрметпен қарсы алып, асты-үстіме түсіп жатады. Қолдарынан келгенінше көмек көрсетіп, аянып қалмауда. Сол үшін алғысым шексіз, – деді Сәрсенбай Оспанұлы.
Ресми қарсы алудан кейін жиһанкезді Ұлытаудың тумасы, бүгінде Теміртау қаласында тұратын еңбек ардагері Мұханбетжан Әбілов өз шаңырағына қонаққа шақырып, ақжарма пейілмен дастархан жайды.
Келесі күні таң бозында мақсаты биік қария Елорданы бетке алып, жолға шықты.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЫ.