Ұлытаулықтар Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті

4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күнінің құрметіне Ұлытау облысы бойынша Ту көтеру рәсімі өтті. Іс-шара облыстың барлық қала, ауданында мемлекеттік Әнұранды шырқаудан басталды.

Сонымен қатар, айтулы күннің басты іс-шарасы Ұлытау облысында жаппай спорттық шеру ұйымдастырумен жалғасты. Оған облыс бойынша бас-аяғы 115 авто, 96 велосипедші, 20 ат, 7 мотоциклші қатысты.

Қатысушылар Жезқазған қаласында «ULYTAU» спорт сарайынан бастап, негізгі көшелердің бойымен «Алаш» алаңына дейін, Сәтбаев қаласында Сәтбаев даңғылынан бастап, Шаталюк, Ерден, Тәуелсіздік, Ұлытау, Абай көшелерімен, Ұлытау ауданында «Сапар» орталығынан бастап, орталық алаңға дейін, Жаңаарқа ауданында Мәдениет үйінен бастап, барлық көшесін, Қаражал қаласында Абай көшесінен бастап, Орталық алаңға дейін жүріп өтті.