Ұлытаулықтар Баубегін еске алды

Биыл Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай, ұлт ұясы – Ұлытауда Баубек пен Мұқан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сол жерде ұлытаулықтар қос қаламгерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ал, шараның 3 ақпанда өтуі – дәл осы күн Баубек Бұлқышевтың Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан күні. Сондықтан, жерлестері ескерткіш қасына жиналып, Баубек рухына құран бағыштады. Іс-шараны «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығы ұйымдастырды.


Одан кейін тағылымды шара «Сапар» орталығында «Тау ұлы» тақырыбында дөңгелек үстел басында жалғасты. Алдымен кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме жұмысын кітапханашы Құралай Төребай жүргізіп, Баубек Бұлқышевтың өмірі мен шығармашылық хақында келген қонақтарға қысқаша мәлімет берді.
Дөңгелек үстелді Ұлытау ұлттық тарихи – мәдени және табиғи қорық – музейінің басшысы Ғалым Оспанов кіріспе сөзімен ашты. Музей басшысы Баубектің отансүйгіштігін, батылдығын, нағыз батырға тән қасиетін айта келе, аудан орталығындағы Баубек пен Мұқан ескерткішінің қойылу тарихынан мазмұнды әңгіме өрбітті.
Көпшіліктің көңіліне аса қонымды болған іс-шарада Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов сөз сөйлеп, біртуар тұлғаның мәні терең шығармалары бүгінде халқымыздың қымбат қазынасына айналғанын айрықша атап өтті.
Үстел басында тақырыпқа сай тұщымды әңгімелер молынан айтылды. Әр қатысушы өз ойларын ортаға салды. Баубек Бұлқышевтың жақын туысы, аманкелділік Қанат Байсалбеков Сарлық ауылындағы №3 мектепке Баубек есімі берілсе деп ұсынысын жеткізді.
– Қан майданда Отан үшін жанын пида еткен жауынгердің есімі туған ауылындағы мектепке беріліп жатса, Баубектің рухына көрсеткен құрметіміз ғой, – деді ол.
– Бүгінге дейін елімізде Баубек туралы қазақ тілінде түсірілген толыққанды фильм жоқ. «Шығыс ұлына хат» шығармасына сүйене отырып Баубекке арнап деректі фильм түсіру керек, – деді музей басшысы. Бұл ұсыныстарды Алмат Қайратұлы орынды деп қабылдады.
Бұдан кейін аудандық тарихи – өлкетану музейінің қызметкері Нұрсұлу Раймова «Ұлытау» ұлттық қорық – музейіне Камал Смайловтың жеке қорынан алынған Баубек Бұлқышевтың 24 жасында түскен суретін сыйға тартты.
Шара соңында музей басшысы Ғалым Оспанов келген қонақтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.