Ұлытаулық ұлан тағы да топ жарды

Жуырда ғана ұлытаулық өнерпаз өрен Ерден ШАКАРМАННЫҢ Түркияда өткен ІІІ Халықаралық конкурста топ жарып, елге жеңіспен оралғанын сүйіншілеген едік. Сол Ерденіміз тағы да ерледі. Бұл жолы Грузияның Батуми қаласында өткен өнер байқауында І орынды иеленді.

Түркиядағы өнер додасында Ерден Шакарманды Грузия өтетін конкурсқа жолдама алған болатын. 23-26 шілдеде Қара теңіз жағалауындағы амфитеатрда ІІІ Халықаралық «GOLDEN WAVE-2022» («Золотая волна-2022») фестиваль-конкурсы өтті. Оған Қазақстаннан бөлек Эстония, Грузия, Индия, Молдова, Болгария, Түркиядан 80-нен астам өнерпаз қатысып, бақ сынасты. Осынау байрақты байқауда біздің өреніміз Қазақстанның намысын қорғап, Ұлытау облысының атын аспандатты. Кіл мықтының ішінен суырылып шығып, І орынды қанжығасына бөктерді.

Конкурста ол Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әні мен американдық әнші Тина Тёрнердің репертуарынан «The Best» әнін нақышына келтіре орындады.

Оны өнер сарапшылары осы елде 2023 жылы өтетін Халықаралық конкурста өнер көрсетуге шақырды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ