Ұлытаудың ұлы
Құдіретіңнен айналдым
– 1 –
Көргенімнің бәрін қалай айта алам,
Бұл Ұлытау – байтақ өлең, байтақ ән.
Жазып алсаң, қазып алсаң бір жерін,
Тола берер қайтадан.
Тасқа тиіп, тесілді ғой май табан,
Май табанға табыла ма сай таған?
Мейлі, мейлі, май табаным тесілсін,
Ұлытауды көрсем болды, жай табам.
Жазғанымның болса бәрі егер мін,
Мына жұрттың алдында мен не дермін?
Қасиетті Ұлытауым, қиналсам,
Тағы өзіңе тағзым етіп келермін.
Саған жырлау болмас тіпті, еш қиын,
Көргеніңді айтшы маған, естиін.
Жақсы жазсам, бағамды өзің айтарсың,
Жаман жазсам, менің құным – бес тиын.
Келіп тұрмын уһілеп те аһылап,
Көріп тұрмын айналамды бақылап.
Ақылдылар қараған ғой алысқа,
Аяқ астын көрмей жүрсе ақымақ.
Ұлытаудың ұлылығын білмеген –
Сияқты ғой тарихты тілдеген.
Өзіңді өзің танымасаң тал түсте,
Барып тұрған көрсоқырлық бұл деген.
О, Ұлытау, сен туралы сөз басқа,
Сенен, сірә, ешбір таулар озбас та.
Ашық аспан, амандығың үшін ел
Айтып жүрді үйір-үйір бозқасқа.
Кімдер келіп, кімдер мұнда жүрмеген,
Қайқы қылыш көтерілген іргеден.
Өтті талай дүние, дәурен басыңнан,
Кетті талай дүбірлі жыл, дүрбелең.
– 2 –
Соның бәрі, соның бәрі жүр есте,
Тұрсың әлі айналып сен бір осьте.
Сенің даңқың сол бір күнде дүркіреп
Шыққан еді күресте.
Құдіретің – ынтымақта, бірлікте,
Болған емес алауыздық, бір бүкпе.
Бірлік қандай мықты екенін адамдар
Ойламайды-ау олай-бұлай тірлікте.
Ақыл-ойға батып тұрып белшеден,
Ұлылықты ұлылықпен өлшеген.
Құба шыңға «Ұлытау» деп ат қойған,
Айналайын, ата-бабам, мен сенен!
О, Ұлытау, тұла бойың – тұнған ән,
Саған қарап тұрамын да, нұрланам.
Шыңдарыңнан құйылғандай жыр маған,
Шыңдарыңнан сөйлегендей бір балаң.
Сол бір балаң – Берденұлы Мыңбайдың
Өзін көріп, сөзін бүгін тыңдаймын.
Сен де өсті, о, Ұлытау, таулардың
Тағдырында сирек болар мұндай күн.
Қарлы жаңбыр болып еді өткен күн,
Ерекше екен басы бүгін көктемнің.
Табиғат та қайдан таба қойсын-ау
Көңіл күйін келгендер мен кеткеннің.
Тауға қарай бірте-бірте баяулап,
Мыңбай жалғыз келе жатыр жаяулап.
Айналаның бәрі толған сұлулық,
Айналаның бәрі де оған аяулы-ақ.
Аяқ талса, сұрамайды қойшы лау,
Жаяу талса, сұрамайды қойшы лау,
Не керегін сен айтпасаң,
Алматы Қажетіңді қайдан біле қойсын-ау
Қойшының көзімен
– 3 – –
О, сәулетті Алматым-ау, сүйкімді,
Ерте тұрып, бұздым ба мен ұйқыңды?
Бесігінен бесте оянып үйренген
Қыр баласы келеді ғой қиқулы.
Асқақтай бер, о, Алматы, асқақта!
Сен боларсың бар Шығысқа бас қақпа.
Кең даламдай, ел – бабамдай жайыпсың
Құшағыңды Талғар менен Тастаққа.
Біреулері атағына, атқа мас,
Қалалар да болады екен бақталас.
Москва мен Ленинград болмаса,
Жер бетінде Алматыға жоқ талас.
Салтанатты ару қалам, той қалам,
Саған ұшар қанат берді қой маған.
Ұлытаудың жанындағы Жезқазған
Қашан сендей болады деп ойланам.
Алатауға көшіп келген тұрғындай,
Мүмкіндігі болмағандай бір мұндай.
Саған деген сағынышын толғасын,
Шыңға шығып бұл Мыңбай.
Көргенімді тіл жетпейтін не деуге,
Оралмайды ешкім таппас теңеу де.
Хрустальдан құйған астау секілді
Қарай берем мөлдіреген Медеуге.
Көктөбе тұр құлынша еміп құт сайды,
Ақ ордалар қазы-қарта, сүт-шайлы,
Ұлытаудың етегінде отырған
Өзіміздің ауылдарға ұқсайды.
Көрейін деп сенің мекен-жайыңды,
Көріп келем қойнауың мен сайыңды.
Сіріңкенің қорабындай дачалар
Қой секілді тау мен тасқа жайылды.
– 4 –
Қызық қилы суреттердей тау маған,
Аяқ астым – көк сағымдар аунаған.
Бұйра бұлттар сеңсең бөрік секілді,
Алатауым – Шопан ата аумаған.
Асан қайғы қайдан шықсын дәл менен,
Шаршағанда, сені көрсем әлденем.
Ұлытаудан үзбей ұшып жеткенде,
Алатаудың ақ бұлтына шөлдегем.
Осы балаң сағыныш пен шөл қысып,
Шалғайыңнан шағалаң боп келді ұшып.
Аппақ бұлтты сауып-сауып жіберіп,
Алатау да жатыр екен енді ішіп.
Ғажайып көп мен білмеген, кеш білген,
Тостағандай ерінімді тостым мен.
Алматым мен Алатаудай достықты
Бұл өмірде көре алмадым ешкімнен.
Жонға қашып, Жоңғар асып жосымай,
Алабөтен ала өкпе боп босымай,
Айналайын ақша бұлттар, ақ сәуле
Жауғандарың қандай жақсы осылай.
Алматы мен Алатау – бір үйлесім.
Бұл үйлесім – әнге тарап, күйге сің.
Білемін мен, бұл екеуін сүймеген
Әкесі мен баласын да сүймесін.
Осы екеуі өз елімді ірі еткен,
Жамбыл болып Алатауым жыр еккен.
Өзім сынды қойшылардың атынан
Тілмен емес, сөйлеп тұрмын жүрекпен.
Бүгін, тіпті, болмаса да күн ыстық,
Шөлдеген соң оны іштік, мұны іштік.
Айналаның бәрі тәтті ұйқыда,
Бұзылмасын дәл осындай тыныштық.
– 5 –
Бәйтеректер Алатаумен таласқан,
Ақбөкен жүр асқар шыңнан сақ асқан.
Бұлбұл бағы сайрайды екен таңертең,
Аман тұрсын ақ аспан!
Үзілмесін деп тілеймін тойыңды
Халқым үшін мен бағайын қойыңды.
Мына заман асқақтатса бойыңды,
Қойшыға да ескерткіштер қойылды.
Ғажайып көп мен білмеген, мен білген,
Қуат алған туған жерден, ел күннен.
Осы қойдың арқасында өзіңнен
Жұлдыз алып қайтайын деп келдім мен.
Жұлдызды кеш
Бүгінгі күн – ұлан-асыр думан күн,
Арманына жеткен күні қуғанның,
Қазақстан аспанында жаңадан 14 жұлдыз туған күн!
Кремльден 14 жұлдыз келген күн,
Кеудесінде ұлы дастан көргеннің.
Алтын жұлдыз жарығына қол созып,
Ұлытаудан ұлы келді Берденнің.
Бірінші март. Алматының кеші еді,
Көңілде де, жерде самал еседі.
Өз қолымен «Алтын жұлдыз» медалін
Димаш аға тапсырады деседі.
О, Алатау, жұпарыңды құя тұр,
Тасқын көңіл, сен де арнаңа сыя тұр.
Бағанадан күтіп отыр Мыңбайды
Ұлы Абай атындағы театр.
Тебіренген парасатты қоңыр үн
Толғап кетті республика өмірін.
Димаш аға айтады екен айшықты
Теңеулердің тауып алып небірін.
– 6 –
Ақтарылып ақпа-төкпе ой легі:
– Бізге құт қой астық пенен қой, – деді.
Содан кейін парасатты қоңыр үн
Теңіздейін тебірене сөйледі.
Бұрын талай тыңдап сөзін шаттанған,
Атағы асқан ағасына мақтанған.
Алматыға шаршап келіп алыстан,
Ауылына шабыттанып аттанған.
Ұлы құрмет адамдарға бұл да ізгі,
Жалт қаратып залда отырған ұл-қызды,
Сахнадан кезек-кезек шақырып,
Димаш аға тағып жатыр Жұлдызды.
Бүгінгі ән, бүгінгі сөз, жыр да өзге,
Алтын жұлдыз арай шашып тұр көзге.
Оқылды да награда Указы,
Мыңбайға да келді кезек бір кезде.
Жерді басып, әлде ұшып келе ме,
Қанат бітіп кетті ме әлде денеге?
Сахнаға қалай жетті – білмейді,
Көтерді ме бір құдірет, немене?!
Бір арманы орындалып, ол-дағы,
Қолын алды Димаш аға қолдары.
– О, Ұлытау, о, Ұлытау, Ұлытау!
– Деп үш рет үлкен кісі толғады.
Сирек болар осындай сәт, мұндай күн,
Туған жердің ұлылығы – бұл да айбын.
«О, Ұлытау!» – деген кезде бір тамшы
Жанарынан атып шықты Мыңбайдың.
Димаш аға жүзіндегі неткен нұр,
Көздерінде көрінеді көктем бір.
Қарап еді жанарына Мыңбайдың,
Қуаныштың жасы қандай мөп-мөлдір!
– 7 –
Ұлы ағаның тербеп-тербеп кетті үні,
Бәлкім, ешкім естіген де жоқ мұны.
«О, Ұлытау!» – деген кезде Мыңбайдың
Алатаудай көтерілді шоқтығы.
Қысқа өмірде аз болады мұндай күн,
Жүрек солай соғып тұр ғой, тыңдаймын.
Димаш аға жұлдыз тағып болған соң,
Қолын алды екінші рет Мыңбайдың.
Жігіт еді жұлдызы асқақ, ақ маңдай,
Жаңа бір таң тағы алдынан атқандай.
Дәл осы сәт Алатаудың өзі кеп,
Ұлытаудың қолын алып жатқандай!
Жігіт еді ол өзі де бір нар ізді,
Ақтайтұғын сенім менен парызды.
Дәл осы сәт Алатау мен Ұлытау
Сахнада қатар тұрған тәрізді.
Сол бір сәтте, сол секундта, сол күні
Тасқын көңіл тасып тұрып толқыды.
Димаш аға құттықтауын біткенде,
Ұлытаудың ұлы былай толқыды:
– Рахмет туған елге, Отанға!
Ырза менің жетпіс жеті атам да.
Бүгінгідей құрмет пенен қамқорлық
Ешқашанда жасалған жоқ шопанға.
Бар ма еңбегім бұл құрметке татыған,
Ел таңдаса озаттардың сапынан,
Рахмет, Димаш аға,
Сізге де Ұлытау мен шопандардың атынан!
– Рахмет, Мыңбай інім, саған да,
Жұлдыз керек тауда туған адамға.
Ұлытаудың дәл өзіңдей ұлына
Жұлдыз тағу – ұлы құрмет маған да.
– 8 –
Бұл жұлдызың тұрсын енді жоғары,
Алтын жұлдыз – еңбегіңнің ол әні.
Берденовтер көп болса егер, аз жылда-ақ
Қазынасы қазағымның толады!..
Енді, міне, бүгін де,
Қыстың ұзақ, жаздың қысқа түнінде,
Қыстың қысқа, жаздың ұзақ күнінде –
Сол бір сөздер құлағының түбінде.
Бәрі қызық бұл өмірде көргеннің,
Көз алдында «Уақыт» деген мергеннің.
Отыз бес жыл келеді ол көтеріп
Артта қалған аманатын Берденнің.
О, Ұлытау, бүгін сенің ірі үнің,
Тұлпар болып туып жатыр құлының.
Ата-баба жете алмаған биікке
Жалғыз шығып келе жатыр бір ұлың!
Сайлаухан НӘКЕНОВ