Ұлытау төскейіндегі дүбірлі той
Алаш жұртының қасиетті мекені ұлт ұясы – Ұлытау! Қазақ тарихымен тамырлас, ғасырлар бойғы Ұлы Даланың тағдырымен тағдырлас, тұғырында ұлтымыздың еңсесі түспеген, туы жығылмаған – ежелгі қоныс. Ұлы хандардың, билердің, даңқты баһадүрлердің бас қосқан киелі мекені. Тізбек-тізбек замана көшінің тірі шежіресі. Еліміздің ұлт болып қалыптасуына, бірлігі мен тірлігіне ұйытқы болған өлке. Осындай киелі де қасиетті жердің атымен облыстың аталуы өңір жұртшылығын қуантты.
Жақында дербес облыс болып құрылғанын атап өту мақсатында ұлытаулық азаматтар аудан орталығының бір бүйіріндегі «Тойтөбе» тұсында дүркіретіп той өткізді. Ұлттық сипаттағы спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Əрбір қазақ баласының делебесін қоздыратын, мəз-мəйрам күй кештіретін дүбірлі дода – ат бəйгесі өтті.
«Той десе, қу бас домалайды» демекші, думанды ортаға Ұлытау облысына қарасты қалалар мен елді мекендерден, сыртқары аймақтардан Алматы, Шымкент, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды өңірлерінен көрермендер мен спортшылар молынан жиналды. Тойтөбе маңында азан-қазан дуылдасқан жұрттың қарасы көп болды. Əр жердің еңкейген кəрісі мен еңбектеген баласынан басқасы тайлы-тұяғы қалмай сабылды. Тойды ұйымдастыру жəне өткізілу шығынын аудан орталығындағы азаматтар өздері көтерді.
Тойға облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы арнайы қатысып, ұйымдастырушы тарапқа, демеушілік жасағандарға, бір кісідей ат салысып, үлкен ұйымшылдық танытқан Ұлытау азаматтарына алғысын білдірді.
Думанға бөленген тойтөбе тұсы бұл күні қазақы ауылдың көрінісін берді. Алаңға қырық шақты киіз үй тігілді. Ақ самаладай самсаған ақбоз үйлер байырғы көшпелі қазақтың боз далада бозжусанды қуалап өскен еркін өмірін елестетті. Киіз үйлер ішіде ою өрнекпен безендірілген. Қонақ күтуге қолайлы болды. Қаз-қатар тізілген ақ шағаладай үйлерде меймандос көңілмен қонақ күтіп жатқандары қаншама?! Бəрі жарасымды, көңіл сүйсінетіндей болды.
Қалың ел тағатсыздана күткен спорттық жарыстар сағат 10-да басталды. Əуелі боз кілемде 18 бен 22 жас аралығындағы балуандар белдесті. Олар 60 келі салмақ дəрежесінде сынға түсті. Жарыс қорытындысында бірінші орынды ұлытаулық Еламан Ізтілеуов жеңіп алды. Екінші орын сарысулық Досым Бақытовқа бұйырды. Үшінші орынды Жаңаарқа ауданы Жеңіс ауылынан келген Нұржан Əбілқасов пен ұлытаулық Нұржан Мырзабек тең бөлісті. Бұдан кейін «қошқар көтеру» бəсекесі елді тəнті етті.Сайыста 90 келі қошқарды иығына салып, үш минутта 55 мəрте отырып-тұрған Қылыш Еренқайыпов топ жарды. Сөйтіп, нəн қошқарды Қаражал қаласынан келген Қылыш есімді жігіт олжалады.
Алаңқайдың екінші бір бөлігінде ат спортының күрделі түрі – аударыспақта жігіттер бақ таластырды. Ат үстінде өнер көрсету екінің бірінің қолынан келе беретін сайыс емес. Аса шеберлікті, мықтылық пен табандылықты талап ететін сайыс. Десек те, бұл додада жігіттер белсенділік танытты. Ауыздығымен алысып, жер тарпып тұрған арғымақтың құлағында ойнап, аударыспақты қызықты өткізді. Тұлпар мініп, табандылық танытқан сайыпқырандар көпшілік көңілінен шықты. Дегенмен, сайыстың аты – сайыс. Біреуінің бағы жанып жатса, екіншісінің жеңіліс тауып жататыны ақиқат. Бұл – табиғи заңдылық. Сайыс қорытындысында ұлытаулық Бердіқұл Əлтай үшінші орынға тұрақтады. Түгіскен ауылынан келген Жарқын Мақажанов екінші орынды еншіледі .Ал бірінші орынды Шет ауданының азаматы Фархат Советов есімді жігіт жеңіп алды. Көпшіліктің делебесін қоздырып, қызыққа толтырған тағы бір сəт .Əр қалалар мен аудандардан келген білекті де жүректі баһадүр ұлдардың арқан тартысқаны қызықты өтті. Бұл бəсекеде «Жезқазған серілері» командасының бəсі биік болып, жанкүйерлерге тамаша сəттер мен ұмытылмас көріністер сыйлады. Жүлделі бірінші орын соларға бұйырды. Екінші орынды Сəтбаев қаласының «Өрт сөндіру» ұжымы, үшінші орынды Қостанай облысы Аманкелді ауданының жігіттері иеленді.
Келесі кезекте əр өңірден келген сайыпқырандар желке тартыста бақ сынасты. Олар шаршы алаңның шаңын шығарып, оңайлықпен жеңісті қолдан бере қоймады. Өңкей сайдың тасындай іріктелген алыптар бір-біріне дес бермеді. Кілең «сен тұр, мен атайын »дейтіндей мықтылар бірін-бірі жұлқи тартып сүйрей жөнелді .Шешуші сəтте сəтбаевтық Бекнияз Нұрбергеновке үшінші орын бұйырды. Жүлделі екінші орын қостанайлық Олжас Саматовтың еншісіне тиді. Бұл сайыста басқалардан анағұрлым мықты екенін көрсетіп ақтүбектік азамат Досбол Сайлаубаев жеңімпаз атанды.
Түстен кейін боз кілемде 70 келі, 90 келіге дейінгі жəне 90-нан жоғары салмақ дəрежесінде түйе балуанға үміткерлер күш сынасты. Оған Ұлытау ауданынан бөлек, Қарағанды, Жəйрем, Қаражал, Сəтбаев қалаларынан, облыс орталығынан жəне Жаңаарқа, Қарқаралы, Шет аудандарынан балуандар қатысты. Ұзын-ырғасы 30 тарта балуан боз кілемде белдесті. Тартысты бəсеке барысында күш сынасқан балуандар қазақ күресінің қыры мен сырын мейлінше терең меңгергендіктерін айғақтап бақты. Бір-біріне дес бермей, біраз айқасты.
Шынында да, балуандардың осалы жоқ,шетінен мықты. Самбо ,дзюдодан атағы шыққан кіл мықтылар. Техникалық шеберліктері өте күшті.Осындай атағынан ат үркетін балуандар жеңісті қолдан бере қойсын ба?! Ұзақ тіресті. Соңын да төрт балуан жартылай финалға жетті. Жанкүйерлердің делебесін қоздырып қанын қыздырғанда дəл осы сəт. Жартылай финалда «Қазақстан Барысының» күміс белбеу иегері Асыл Бəрменов, қарағандылық Ақжігіт Ораловпен белдесті. Бұл белдесуде екеуі ұпай санымен тең түсті. Одан кейін қоян-қолтық белдесуде Ақжігіттің белбеуден қолы сырғып кетіп, Асыл Бəрменов жеңіске жетті. Асығы алшысынан түскен Асыл финалда жерлесі Айдос Ғалымовпен кездесті.Екі жаңаарқалық «Түйе балуан» атағы үшін белдесу керек еді, бірақ олай болмады Айдос түйе балуандыққа таласпай, күш сынаспастан жолын Асыл Бəрменовке бере салды. Бəлкім, бұл балуандардың бір-біріне деген өзара құрметі болар…
Сөйтіп, түйебалуандар сынында белдескенін алып та, шалып та жығып жүрген атан жілікті балуан Асыл Бəрменов «Түйе балуан» атанып, 500 мың теңгенің сертификатына иеленді. Екінші орынды Айдос Ғалымов қанағат тұтты. Үшінші орын қарағандылық Ақжігіт Оралов пен жаңаарқалық Алмас Мақажановқа бұйырды.
Күн бесін ауа тойтөбеге іргесіндегі «Мəре» жазығында халықты қиқулатар қызықты сəт ат жарыс басталды. Жарыста аламан додадан бөлек, тай жəне құнан бəйгелерін жұртшылық қызыға тамашалады. Елдің əр өңірінен келген жүйріктер дала төсін дүбірлетті. Жанкүйерлердің қанын қыздырған бес шақырымдық тайлар бəсекесінде жəйремдік Ерлан Төребаевтың тайы бірінші келді. Он бір шақырымға жіберілген құнан жарыста жаңаарқалық Қайрат Көпбаевтың құнаны кекілінен жел есіп, мəре сызығын жеке-дара қиды. Ал, аламан бəйгеде ауыздығымен алысқан сəйгүліктер 27 шақырымды еңсерді. Аламанда үшінші орынды Шет ауданынан келген Айтжан Мауытовтың жүйрігі иемденіп, жүлдеге 700 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші орынды алматылық Қайрат Махановтың сəйгүлігі еншілеп, ат бапкеріне 1 млн. теңгенің сертификаты берілді. Осы аламан бəйгенің бес айналымында да алдына қара түсірмеген Қарқаралы ауданының өрен жүйрігі мəре сызығын бірінші кесті. Ат иесі – Жамал Баешовке 2 млн. теңгенің сертификаты табысталды.
Бұдан соң спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, тай, құнандардың шабандоздарына, аламан бəйгеде төртінші, бесінші орын алған жүйрік иелеріне ұлытаулық азаматтардың ортақ қазанға қаржы салу тəсілімен жинақталған қаражат қорынан лайықты сыйақылар берілді.
Мəні терең, мазмұны келісті іс-шаралар тізбегі қазақстандық өнер жұлдыздарының жергілікті тұрғындар мен меймандар назарына ұсынған əн шашуымен түйінделді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ