Ұлытау облысының әкімі Жезқазған–Қызылорда трассасындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған–Қызылорда бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының қарқынын бақылап, нысандағы мердігер мекемелердің жұмысымен танысты.

Бүгінде біздің өңірге тиесілі 208 шақырым жолды биіктету, жаңа су өткізу құбырларын орнату жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс алаңында 50 шақырымға асфальт төселген.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы мердігер компаниялармен жиын өткізіп, құрылыс сапасы мен жұмыс мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Атап айтқанда, облыс әкімі жол құрылысында қолданылып жатқан барлық техниканы Ұлытау облысында тіркетіп, жыл соңына дейін салық төлеу міндетін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ жобада шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесіне тоқталып, тек нақты қажет, жоғары білікті мамандарды ғана шақыру қажеттігін, қажетті инертті материалдар мен миграциялық сұрақтарды көктемде кедергілер туындамауы үшін қыс мезгілінде шешуді ескертті.
«Барлық азамат үшін еңбек жағдайы тең болуы тиіс», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.
Сонымен қатар облыс әкімі «Қазавтожол» АҚ Ұлытау облысына кіреберіс жол бойына стелланы келесі жылдың сәуір айынан кешіктірмей орнату жөнінде тапсырма берді.
Ұлытау облысы әкімдігі жол инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтеді. Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болады.
