Ұлытау облысында жастарға арналған цифрлық қауіпсіздік сабағы өткізілді
Ұлытау облысында жастардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған цифрлық қауіпсіздік сабағы ұйымдастырылды. Шараға колледж және мектеп жастары, педагогтер, ІТ саласының мамандары қатысты.

Сабақ барысында қатысушыларға интернеттегі жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік баптауларын дұрыс орнату, кибербуллингтен қорғану, жалған ақпаратты ажырату және онлайн-алаяқтықтың алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Мамандар нақты өмірден алынған мысалдар арқылы қауіпті сілтемелерді тану, белгісіз аккаунттармен байланысқа түспеу, көпфакторлы аутентификацияны қолдану сияқты маңызды ережелерді көрсетті. Сонымен қатар интерактивті тапсырмалар арқылы жастардың қауіпсіз әрекет ету дағдылары тәжірибе жүзінде пысықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық сауаттылық – бүгінгі жастар үшін ең қажет дағдылардың бірі. Осындай сабақтар өңір жастарының киберқауіптерден сақтануына және интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Шара алдағы уақытта облыстың өзге аудандарында да жалғасын табады.
