ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА СПОРТ БАЗАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Нысан құрылысы ескек есуші спортшыларды қолдау бағытында қолға алынды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы салынып болған соң базаның қыс мезгілінде шаңғы спортын дамытуға да қолданылатынын жеткізді.

«Спорт базасының залдарын бөлуде шаңғы спорты секцияларын дамыту тұсын ескеріңіздер. Нысан бір мезгіл ғана емес, қыста да жұмыс істеуі қажет» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, спорттың бұл түрінен жерлестеріміз биік белестерді бағындыруда. Маусымның 14-16 аралығында Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында жерлестеріміз Малика Турсын, Виктория Фалолеева күміс және қола медальдарына қол жеткізді.

Нысанға келер болсақ, корпус қос қабатты болады. Бірінші қабатында ойын залы, күзет бөлімі, медициналық пункт, қойма, жылу торабы, жаттығушылар мен жаттықтырушылардың жуыну-кину бөлмесі, шаңғышылардың киім ауыстыруға арналған орындары жоспарланған.

Екінші қабатта жаттығу залы, қабылдау бөлмесі, мәжіліс залы, ескек есу спорт түрлерінің жаттықтырушылары залы, әкімшілік, бухгалтерия, жуыну-киіну бөлмелері болмақ.

Нысанға бөлінген аумақ — 4 жарым гектардан астам. Қолданысқа берілу уақыты 2025 жылдың соңына жоспарланған.