ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ «АЛҚАЛЫ АРУ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Ұлытау облысында тұңғыш рет «Алқалы ару» сайысы ұйымдастырылды. Байқауда өңіріміздің көпбалалы аналары бақ сынады. Ұлыстың ұлы күні мейрамының қарсаңында өткен жарыста Ұлытау облысының Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері бірнеше кезең бойынша өнерлерін ортаға салды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезең бойынша ситуациялық сұрақтарға жауап берді, ал үшінші кезеңде ежелден келе жатқан әйелдер киімінің үлгісін үш минут ішінде талдап-таныстырып, төртінші кезеңде өнерлерін көрсетті.
Сайыс нәтижесі бойынша әділ қазылардың шешімімен «Жұбан ана» атындағы номинация және 100 000 теңгелік сертификатпен сегіз баланың анасы Айжан Шариповаға, «Даңқты ана» номинация және 100 000 теңге сыйақы жеті баланың анасы Әйгерім Тоқтасыноваға, «Әлпеш ана» номинациясы, 100 000 теңге сертификаты сегіз баланың анасы Ақжарқын Токишеваға, «Бидәш ана» номинациясы, 100 000 теңге, «Кеңгір» шипажайына 10 күн ем алуға жолдама сегіз баланың анасы Сандуғаш Дүтбаеваға бұйырды.
Ал «Алқалы ару-2025» байқауының
ІІІ орын жүлдесіне, 150 мың теңге сыйақыға — ардақты әже Ақтоты Әділбекова;
ІІ орын жүлдесіне, 250 мың теңге сыйақыға жеті баланың анасы Айгүл Абишева;
І орын жүлдесіне, 300 мың теңгеге — алты баланың анасы Гүлжазира Зейілғазина ие болды.
Ұлытау облысы әкімдігі мен Жезқазған қаласы әкімдігінің, «Birge.kz.Ulytau» қоғамдық бірлестігі серіктестері мен демеушілерінің қолдауымен тұңғыш рет өткен «Алқалы Ару-2025» байқауының Бас жүлдесін алты баланың анасы, жезқазғандық кәсіпкер Самал Садықова жеңіп алды.
Айта кетейік, сайыста барлық қатысушыға «Халық банк» АҚ Ұлытау облыстық филиалы техника дүкеніне 20 000 теңгелік сертификаттар, номинация иегерлеріне «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Ұлытау облыстық филиалының атынан арнайы курстар алу мүмкіндігін беретін жолдамалар табыс етілді.